Облыс басшысы Кванг Вунг Лиді құттықтады

Сеул Ұлттық университеті жанындағы госпиталдің профессоры Кванг Вунг Лидің бұл жолғы Ақтөбеге сапары оның туған күнімен сәйкес келді.

Заманауи технология көмегімен кезекті бауыр алмастыру операциясын сәтті өткізген хирургті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдап, мерейтойымен құттықтады.

— Сіз өзіңіздің өмірлік ұстанымыңыз ретінде адамдар денсаулығын қорғауды алдыңызға мақсат етіп қойып, бұл игілікті істі абыроймен атқарып келесіз. Әлемдегі ең қымбатты нәрсе — адам өмірі. Сіз өзіңіздің бай тәжірибеңізді, кәсіби шеберлігіңізді адамдарды қауіпті дерттен аман алып қалуға арнап жүрсіз.

Сізді туған күніңізбен құттықтай отырып, өзіңізге жақсы денсаулық, отбасы бақытын, еңбегіңіздің алда да жемісті бола беруін тілеймін,— деді облыс басшысы.

Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Президентінің адамдардың денсаулығын қорғау жолындағы бағыттары жөнінде айтып, Ақтөбедегі медициналық кластерді қалыптастыруға өз үлесін қосып жүрген Кванг Вунг Лидің еңбегіне алғыс сезімін білдірді. Жылы жүзді кездесу барысында екі елдің медициналық білім беретін жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесі қозғалды.

Профессор Кванг Вунг Ли өзіне жылы лебіз білдірген облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да өзінің көмек қолын соза беретіндігіне сендірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі