Облыс әкімдігінде Ақтөбе қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі талқыланды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиынға Ақтөбе қаласының әкімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының, экология, қоғамдық денсаулықты қорғау департаменттерінің, «Ақбұлақ» АҚ-ның басшылары қатысты. Олар өңір басшысына экологияны жақсарту және жазғы кезеңде орын алған жағымсыз иісті жою жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндады.

Атап айтсақ, кәріздік тазалау құрылғыларын жаңғыртуға техникалық-экономикалық негіздеме дайындалды. КТҚ жаңғыртуды үш сатыда жүргізу жоспарланып отыр. Жұмыстың жалпы құны 16,9 млрд. теңгені құрайды. Жобаны қаржыландырудың бірнеше нұсқалары, соның ішінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында және халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен жүзеге асыру қарастырылуда.

Былтыр қалада қалдықтарды ағызуға арналған үш сорғы станциясы салынып, кәріз станциялары көмірлі сүзгішпен жабдықталды. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласының кәріздік тазалау құрылғыларына иісті бейтараптандыратын «дымқыл кедергі» жүйесі қондырылды, болашақта тұнбалар мен қалдықтарды жою жоспарланған. Сонымен қатар, «Ақбұлақ» АҚ-да 300-ге жуық өндірістік кәсіпорынның өндірістік қалдықтары туралы тұрақты талдау жүргізіледі.

 -Экологиялық жағдай - қала тұрғындарын толғандыратын маңызды мәселелердің бірі. Қазір, бастысы, жұмысты тоқтатпай, жоспарланған кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Ол үшін барлық мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар бірлесіп жұмыс жасауы қажет, - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі жергілікті полиция қызметіне мүдделі органдармен бірлесіп, тұрмыстық қалдықтардың санкцияланбаған жерлерге төгілуіне жол бермеуді және ағынды сорғы станцияларын тиімді қолдануды тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі