Облыс әкімдігінде барлық деңгейдегі әкімдерге арналған семинар өтті

25 қаңтар, бейсенбі күні Ақтөбеде барлық деңгейдегі әкімдерге арналған жергілікті атқарушы және жергілікті өзін өзі басқару органдарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін арттыру мәселесі бойынша семинар жиналыс өтті.

Семинар жиналысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты. Ол аталмыш шараның негізгі мақсаты - ауылдар мен шағын қалалар әкімдерінің  жұмыстарының тиімділігін арттыру екенін атап өтті. Бұл төртінші деңгейлі дербес бюджеттің енгізілуімен өзекті мәселеге айналып отыр.

«Біз 2017 жылды жақсы аяқтап, мемлекет басшысы мен Үкіметтің барлық тапсырмаларын орындадық. Өңірдегі экономика өсімі 5 %, құрады, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің барлығы 2016 жылғы деңгейден жоғары. 2018 жылға арналған негізгі міндет - Президенттің ағымдағы жылдың 10 қаңтарында Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларын орындауға бағытталған экономикалық ілгерілеуді қамтамасыз ету. Осы тапсырманың орындалуын барлық деңгейдегі әкімдер қамдауы тиіс»,-деді Б.Сапарбаев жиын қатысушыларына қарата айтқан сөзінде.

Ол сондай-ақ, төртінші деңгейлі бюджетті осы жылы енгізу екі мыңнан аса халқы бар елді мекендерді басқарып отырған ауыл әкімдеріне үлкен міндет артатынын атап өтті.

«Біздің облыста төртінші деңгейлі бюджет елу ауылдық елді мекенде енгізілген. Қазіргі таңда осы ауылдардың әкімдеріне нақты есеп пен қатаң бақылау жасау өте маңызды. Сонда ғана сіздер бюджет тиімділігі мен өздеріңізге берілген тапсырмалардың орындалуына қол жеткізесіздер. Бүгін біз сіздерді осы және жаңа жылдан бастап күшіне енген өзге де жаңалықтарды тағы бір түсіндіріп, жергілікті өзін өзі басқарудың мәселелерін  талдау үшін, оларды шешу жолдарын, сонымен қатар экономикалық өсімнің алдағы қорын анықтау үшін жинадық»,-деп жалғастырды сөзін өңір басшысы.

Жиын кезінде мемлекеттік бағдарламалардың, өнеркәсіп саясатының жүзеге асырылуы, агроөнеркәсіптік және құрылыс кешендерінің, жол инфрақұрылымының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік саланың  2017 жылғы дамуы егжей-тегжей қаралды. Осы тақырыптағы баяндамаларымен облыс әкімінің орынбасарлары және бірқатар облыстық басқармалардың басшылары сөз сөйледі. Сонымен бірге спикерлер жергілікті атқарушы және жергілікті өзін өзі басқару органдардың тиімділігін күшейтуді талап ететін шараларға баса назар аударды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі