Облыс әкімдігінде өртке қауіпті кезеңге дайындық талқыланды

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның  отырысында орман және дала өртінің алдын алу және жоюдың өзекті сұрақтары талқыланды.

Ағымдағы жылы Ақтөбе облысында жергілікті атқарушы органдардың табиғи өртпен күресуге бөлген ақшалай қаражат көлемі 38,5 % өсті. Өткен жылдың қыркүйек айында Әйтеке би ауданында адам шығынына әкеліп соққан қайғылы оқиғаның қайталануына жол бермеуге бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылды.

Мәселен, облыс бойынша алты өрт сөндіру бекеті ашылды, олар жақын орналасқан 18 мың халқы бар 37 елді мекен аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етулері керек. Өрт сөндіретін алты автотіркемелі цистерналар сатып алынды. Облыс аумағына ғарыштық мониторинг жүргізу үшін «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК АҚ-мен келісімшартқа қол қойылды.

Отырыс барысында құрамына биыл  3200-ден аса адам кірген ерікті өртке қарсы құрылымдарды жабдықтау, даярлау және оқыту сұрақтары қаралды.

- Әрбір аудан мен Ақтөбе қаласы өткен жылғы өрт оқиғаларының биыл да орын алмаулары үшін  барынша жұмыстанып, тағы бір талдаулары қажет. Басты міндет – адам шығынын болдырмау. Өртке қарсы жасақтарды оқыту, оларды қорғаныс киімімен, арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету – осының бәріне аудан әкімдері ТЖД-мен бірлесе ерекше жауапкершілікпен  кірісулері керек,-деп атап өтті өңір басшысы.

ТЖД басшысы Бауыржан Сыздықов өткен жылы орман және дала өрттерінің орнына барғанда жанып кеткен аумақтың қалың қураған ағаштармен толы болғанын атап өтті.

Осыған байланысты облыс әкімі минералданған алқаптарды, соның ішінде автокөлік жолдарының бойын күту шараларын күшейтуді тапсырды, ал табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалану басқармасына қураған ағаштарды «Жасыл ел» жасағы мен қоғамдық жұмыстармен айналысатын азаматтарды тарта отырып, кесу жұмыстарын  жандандыру тапсырылды. 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі