Облыс әкімінің өкімімен бірқатар кадрлық тағайындаулар болды

Все рабочие поездки акима
Жұма, 4 Желтоқсан, 2015

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкімімен Мавр Абдуллин Алға ауданының әкімі болып тағайындалды.  Аудан активіне өңірдің жаңа басшысын таныстыруға арнайы барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мавр Ерғалиұлының алдындағы мақсат-міндеттерін де айқындап берді. Ал, ауданды бұған дейін басқарған Асқар Шериязанов облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Президент әкімішілігінің келісіміне сәйкес Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкімімен тағайындалған Алға ауданы әкімінің кандидаурасын жергілікті мәслихат депутаттары да бір ауыздан қолдады. Мавр Абдуллинді таныстыру сәтінде оның аудандық деңгейден бастап, облыстық басқарма басшысының орынбасары қызметіне дейінгі аралықтағы сатылардан өткен білікті маман екендігі айтылды. Депутаттардың келісімі де алынған соң, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан активіне де кадрлық өзгерістер туралы түсіндіріп өтті.  

Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын экономист-менеджер мамандығы бойынша тәмамдаған Мавр Абдуллин еңбек жолын 1990 жылы Ойыл ауданында жолға қызмет етуші бөлімде бастаған. Жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Әр жылдарда Ойыл аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2012 жылдан бастап  осы уақытқа дейін Ойыл ауданының әкімі болды. Ал, облыс әкімі өңірдің әлеуметтік экономикалық, саяси картасында Алға ауданының орны ерекше екендігін атап өтті.  Ақтөбе қаласына жақын, жері құнарлы және болашағы зор ауданды басқаруға басшылық тәжірибесі мол басшы келіп отыр.

Ал, Алға ауданының бұрынғы әкімі Асқар Шерияздановтың қызметі жоғарылап, енді облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың орынбасары болып тағайындалуы кездейсоқтық емес. Өңірдің қоғамдық-саяси жағдайының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі тәжірибесі мол іскер басшы Асқар Тұрарұлының да облыс пен республикалық деңгейдегі табысты еңбек жолы ескерілген. 

Алғалықтар да ауданды екі жарым жылдай сәтті басқарып, экономиканың, әлеуметтік саланың күрделі мәселелерін шешуге күш-жігерін жұмсаған Асқар Шерияздановтың еңбегін жоғары бағалады. Актив отырысында сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл ақсақалдары Алға ауданындағы барлық жақсы жаңалықтарды Асқар Тұрарұлымен байланыстыратындықтарын жеткізді. 

Өз кезегінде аудан халқымен етене жұмыс жасап, табысты басқарған Асқар Шериязданов пен Алға ауданының жаңа әкімі Мавр Абдуллиндер облыс басшысының сеніміне ризашылықтарын білдіріп, елдің дамуы жолында аянбай еңбек етуге уәде берді

Жиынды қорытындылаған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Елбасы тапсырмаларын орындау жолында құрғақ сөзден нақты іске көшетін уақыт жетті деп атап өтті. Елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық - әлеуметтік-экономикалық өркендеудің кепілі. Облыс әкімі қызметіне кіріскен сәттен бастап есепті жөнге келтіру, терең талдау мен қатаң бақылауды қолға алған Бердібек Сапарбаев өңірлерде қайта өңдеу кәсіпорындарын құруды мықтап тапсырды. Ал, барлық деңгейдегі басшылар азық-түлік бағасының негізсіз көтерілумеуіне күш салуы керек. 

Жиын соңында облыс әкімі аудан басшыларына алдағы мемлекеттік мерекелерге дайындықты жоғару деңгейде жүргізу керектігін айтты. Өйткені, халықтың көңіл күйінің жоғары болуы - ынтымақ пен ырысқа жетелейді.

 

ОБЛЫС ӘКІМІ Б.САПАРБАЕВ АЛҒА АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АРАЛАП КӨРДІ

Облыс әкімі Алға ауданында актив жиынына қатысан соң, Алға қаласындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік орындардың жұмысымен танысты. Елбасының жаңа Жолдауы жүктеген міндеттерге маңыз беру керектігін тапсырды. Алдымен, "Молочные истории" серіктестігі салып жатқан ет өңдеу кешенінің құрылысын көрді. 

"Алға" өндірістік аймағында жуырда ашылатын жаңа ет өңдеу кешені сағатына 15 бас малды сойып, жіліктеуге қуатты. Жобаның жалпы құны - 2,1 миллиард теңге. Ол қаржының басым бөлігі - "Агробизнес" корпорациясының несиесі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кешеннің дайын құрылғыларын көріп, ғимараттарын түгел аралап шықты. Себебі, аймақтың дамуына серпін беретін жобаның инфрақұрылымы "Бизнестің жол картасы -2020" бағдарламасы бойынша бюджет есебінен жүргізілген. Бұл – малды өздері бағып, жем-шөбін дайындап, сойып, өңдеп сатуға дейінгі тізбекті қамтитын алып кластерлік жүйе. Болашақта бордақыланатын мал санын "Актеп" серіктестігі 11 мың басқа жеткізуді көздеп отыр. Серіктестік басшысы алып кешеннің жұмысымен қуаты туралы облыс әкіміне толық мәлімет берді.  

Әлеуметтік саладағы мемлекет пен жеке кәсіпкерлік серіктестігінің айқынбелгісі - Алғадағы "балдырған" балабақшасы. Уақытында қаңырап қалған бесқабатты үйді жаңартып, бүлдіршіндер тәрбиесіне лайықты кең сарайға айналдырған Балкенже Аймұхамбетова облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жетістіктері мен қиындықтарын жайып салды. Балабақшаның үш тобында қазір 75 бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшаның жиһаздары - Ақтөбеде жасалған. Бұл мәліметті естіген облыс әкімі өзінің орынбасарына облыс бойынша әлеуметтік сала кәсіпорындарының қажеттілігіне тек отандық өнімді пайдалануды тапсырды. Ал, балабақша басшылығының да өз мұқтаждығы бар. 

Аталған мәселелер бойынша облыс әкімі өзінің орынбасарына істің анық қанығын білуді тапсырды. Ал, Алға индустриалдық-техникалық колледжі қазір заман талабына сай біліммен тәжірибені ұштастырып отырған бірегей білім шаңырағы. 6 мамандық бойынша 300-ге жуық оқушы білім алатын колледждің материалдық-техникалық әлеуеті жоғары. Тігін шеберханасы ұлттық киім үлгілерін жайнатып қойса, болашақ аспаздар қазірдің өзінде тәтті дәмнің түр-түрін дайындауға маманданған. Дәнекерлеу цехтарында оқушылар темірді пісіріп, өңдеудің қыр-сырын меңгереді. Ал, автокөлік жөндеушілердің арасындағы қыздар да қажетті құралдарды жонып, қашап, икемге келтіруге машықтанған. Әрбір зертхананы зер салып аралап шыққан облыс әкімі оқушылардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлді.

Облыс әкімі жергілікті Шипагер шипажайын да аралап көрді. Балшықпен, тұзбен тірек-қимыл жүйелерін, буын ауруларын емдеуге машықтанған шипажайда қысы-жазы емделушілер қатары толастаған емес. Ал, "Париж коммунасы" серіктестігінің Бестамақ ауылы тұсындағы мал өсіру кешенінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өндірістің ішкі нарықтағы сұранысты қамту тұрғысындағы жоспарларын тыңдады.  

 

АҚТӨБЕ. ОБЛЫС ӘКІМІ Б.САПАРБАЕВ ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Сондай-ақ, бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, ұстаздар қауымымен кездесті.  Бұл кездесуге мұғалімдер облыстың барлық аудандарынан, ауыл-аймақтардан келді. Қонақтарды қарсы алған Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары алдымен "Ердің ері Қобыланды" деп аталатын театрландырылған қойылым ұсынды. Облыс әкіміне мазмұны терең туынды ұнап, өнерлі өрендерге ризашылығын білдірді. Осыдан соң ол ұстаздармен емен-жарқын әңгімелесіп, ашық пікір алмасуға шақырды. Елбасы Жолдауы қойған міндеттерге тоқталды. Ол білім саласына қазынадан бөлінетін қаражат көлемі төмендемейді деді. Әлеуметтік бағытты қамқорлау міндетіміз деген облыс басшысы білім саласында қордаланған мәселелерді ашық айтты.  Облыстың ауылдарында 21 ғасырда ағаштан, саманнан, қамыстан салынған, материалдық базасы сын көтермейтін, от жағып, күл шығарып отырған мектептердің болуы осы салаға жауапты басшылықтың кінәсі деді.  Қалада атына заты сай келмейтін мектептер. Мысалы, нөмірі 28,27,33-ші мектептрдің тек ғимаратына қарап, мектеп деуге болады деді Бердібек сапарбаев.Ұлттық бірыңғай тестілеуден үздік бестік емес, үштікке ену керек деп баса айтты облыс басшысы. мемлекеттік-жеке меншік  әріптестікті дамытуды қолға алып, бос тұрған ғимарттарды тиімді пайдалану арқылы, бала бақша кезегінде тұрған 32 мың кішкентай ақтөбеліктердің санын азайтуымыз қажет деп қадап  айтты облыс әкімі.  Мектептердің директорлары бұрынғы түлектерімен байланысты нығайтып, оқу ордасының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға шақыру қажет.  Ал жасөспірімдер арасында қылмыс санының артып отырғаны қоғамды алаңдатуы тиіс. Тәрбие түзелмей, тәртіп болмайды деді облыс әкімі.