Облыс әкімі «EKOLOG» компаниясымен кездесу өткізді

24 қазан, сейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «EKOLOG»  (Польша) компаниялар тобының басқарма төрағасы Кшиштоф Хородецкимен кездесті.

Жүздесу барысында Ақтөбе қаласының кәріз тазарту қондырғыларын жаңғырту  жобасы ұсынылды. Бұл жоба бойынша қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру, жаңа нысандарды салу, ағынды суларды тазартудың заманауи технологияларын қолдану арқылы кәріз тазарту құрылыстары қуатын арттыру көзделген.

К.Хородецкидің айтуынша, кәріз тазарту қондырғыларын жаңғырту арқылы облыс орталығындағы экологияны жақсарту мүмкін болады, сондай-ақ атмосферада жағымсыз иіс жойылады. Аталмыш жоба мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жекеменшік инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асырылмақ.

Компанияның Польша, Украина, Молдова, Белоруссия, Қырғызстан, Үндістан және Қытай елдерінің қоршаған ортаны қорғау саласында 30 жылдық тәжірибесі бар. Сонымен қатар, К.Хородецкий Алматы, Шымкент, Көкшетау және Қазақстанның басқа қалаларында кәріз тазарту қондырғыларын жаңғырту бойынша бірқатар жобаларды жасағандығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі тиісті мемлекеттік органдарға жобаның тиімділігі мен экономикалық құрылымын зерттеп, өз ұсыныстарын енгізуді тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі