Облыс әкімі Ақтөбедегі жаңа мектептердің құрылыс барысымен танысты

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Болашақ шағын ауданы мен Ақшат-2 ауылындағы мектептердің құрылысымен танысты. Жаңа білім беру нысандары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынуда.

Ақшат-2 ауылында аумағы 6,4 мың шаршы метр болатын 300 орындық заманауи мектептің құрылысы жүргізілуде. Жоба құны 900 млн. теңгеден асады. Нысанды осы жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарланып отыр. Жаңа мектеп балаларға пайдалануға берілісімен қаланың өзге аудандарына барып оқудың қажеті болмайды.

Осындай мектеп Болашақ шағын ауданында да тұрғызылуда. Оның да алғашқы оқушылары биыл қабылданбақ. Әрқайсысы 600 оқушыға арналған тағы екі мектеп Ясный ауылы мен Сүт зауыты (ГМЗ) ауданында салынуда. Өңірде салынып жатқан 25 жаңа мектептің оны ендігі пайдалануға беріліп те қойған. Жыл соңына дейін тағы бес мектепті ашу жоспарда бар.

 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі