Облыс әкімі кәмелетке толмаған балалардың құқыққа қайшы әрекеттері үшін ата-аналарының жауапкершілігін арттыруды тапсырды

Ақтөбе облысында осы жылдың бес айы ішінде құқыққорғаушылар кәмелетке толмағандармен жасалған 71 қылмысты тіркеді. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 2,9% құрады. Балалар негізінен ұрлық, тонау, қарақшылық, алаяқтық және бопсалау секілді мүліктік қылмыстарға барады. Олардың 76%-ы заңды бірінші рет бұзғандар.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында балалар арасындағы қылмысты жеңу жолдары талқыланды. Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Жанна Макаревичтің айтуынша отбасы тұрмысының әлеуметтік жағынан қолайсыздығы қылмысқа барудың негізгі себебі болудан қалған.

Жергілікті полиция қызметінің мәліметі бойынша, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдердің 72,4%-ы тұрмысы жақсы толық отбасылардан шыққан. 17 маусым күні №19 мектепте оқитын құрдасын өлтірді деген күдікті де тұрмысы тәуір отбасыдан шыққан, мамандандырылған физика-математика мектебінің 11 сынып оқушысы.

Облыс әкімі балалар қылмысының себебі ересектерге сын екеніне сенімді. Отбасыларда рухани жақындық жоқ. Ата-аналар балаларға моральдық, этикалық мінез-құлық ережелерін, қоғамның құқықтық нормалары мен заңды үйретпейді.

Өңір басшысы ата-аналар мен оқу орындары басшыларының балаларды тәрбиелеудегі жауапкершіліктерін қатайтуды талап етті.

- Құқықбұзушылықтың алдын алу комиссиясына жасөспіріммен жасалған әрбір қылмысты жеке қарауды тапсырамын. Баланың тәртібіне жауапты адам, оған дұрыс қарамағаны үшін толықтай жауапкершілікке тартылатын болады. Кәмелетке толмаған балаларын көңіл көтеру орындарына жіберген ата-аналарға айыппұл салып қана қоймай, олардың аты-жөндерін БАҚ-та жариялау қажет. Мектептер мен колледждер директорларының да жауапкершіліктерін арттыру керек. Егер оқу орнында төбелес, бопсалау орын алса басшы тек ауызша сөгіспен ғана құтыла алмайды,- деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Құқыққорғаушылар сондай-ақ, балаларға темекі мен ішімдік сатумен күрес жұмысын да күшейтеді. Айта кетейік, биылғы жылдың бес айында 21 жасқа дейінгі тұлғаларға ішімдік өнімдерін сатумен айналысқандары үшін 89 адам, кәмелетке толмағандардың көңіл көтеру орындарында жүргендері үшін 56 мекеменің иесі жауапқа тартылды. Кәмелетке толмағандардың 1700-ге жуық заңды өкілі балалардың түнгі уақытта үйлерінде болмағандары үшін жауапқа тартылды.

Бұдан басқа, жиын кезінде ескі гүлзарларды қалпына келтіру және жаңаларын салу мәселелесі де қаралды. Былтырдан бері мемлекеттік мекемелер, ірі ұйымдар мен кәсіпорындар өз күштерімен Ақтөбеде 24 гүлзар салды. Ол жерлерде жобаларға байланысты спорттық және балалар алаңы, велосипед жолы мен жаяужолдар, орындықтар және т.б. орнатылған. Жуырда ақтөбеліктер төтенше жағайлар департаменті, Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ салған тағы үш гүлзарда қыдыра алады. Өңір басшысы осы бағыттағы жұмыстарды әсіресе облыс аудандарында жандандыруды тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі