Облыс әкімі Мұз айдыны сарайы мен Теннис орталығының құрылыс барысын тексерді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Батыс-2 шағын ауданындағы жаңа спорт нысандарының құрылысы барысымен танысты.

Атап айтқанда, өңір басшысы Шығармашылық академиясының жанында орналасқан Теннис орталығының құрылыс алаңында болды. Спорт кешені төртеуі жабық, төртеуі ашық.сегіз корттан тұратын болады. Мұнда 500-ден аса адам жаттыға алады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылуда.

Облыс әкімі Теннис орталығының келешекте халықаралық турнирлер мен жарыстарды өткізу кезінде сұранысқа ие болуы үшін барлық заманауи стандарттарға сай келуі керектігін атап өтті.

Сондай-ақ ол мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолданған Мұз айдыны сарайының да құрылыс барысын қарап шықты. Жобаны жүзеге асыру туралы келісімге өткен жылдың шілде айында Бердібек Сапарбаев пен Словакияның қаржы вице-министрі Дана Мигердің кездесуі кезінде қол жеткізілген болатын. Мұз аренасы 2500 орынға арналған. Жоба құны 3,7 млрд. теңгені құрайды, оның 70 пайызын словактің «Н+Н Technica» компаниясы инвестициялаған.

Өңір басшысының пікірінше жаңа нысан қысқы спорт түрлерін одан әрі дамытуға септігін тигізетін болады.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі