Облыс әкімі Мәртөк ауданы тұрғындарын ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға шақырды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мәртөк ауданына жұмыс сапары кезінде ауыл шаруашылығының жағдайымен танысып, шатырлы лагерьде демалып жатқан балалармен әңгімелесті, аудан жолдарын жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді және «Бақытты бала» саябағының ашылуына қатысты.

Жұмыс сапары бағдарламасының бірінші тармағы – «Айс» сүт-тауарлы фермасы болды. Мұнда құны 2,5 млрд теңгеге мал азығын дайындайтын «Milker» жобасы таныстырылды. Осы жоба бойынша жұмыстар екі кезеңге бөлінді. Алғашқысы 2017-2020 жылдары жүзеге асырылмақ. Осы кезеңдерде 1 780 гектар суармалы алаңда 16,6 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Негізінде жоңышқа мен жүгері өсірілетін болады. Қазіргі таңда серіктестік ауыл шаруашылығына қажетті барлық техниканы сатып алып қойған. Жобаның бірінші кезеңі аяқталысымен 25 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Екінші кезең 2020-2022 жылдары жүзеге асырылады. Оны іске асыру кезінде 1 600 бас ірі қара малға сүт-тауарлы ферма құру жоспарда бар, құны - 6 миллиард тенге. Ферма жыл сайын 11 680 тонна сүт беретін болады. Сондай-ақ, облыс әкімі Қаратоғай ауылдық округі аумағындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін Елек өзенінен 12,5 шақырымдық су құбырын және 11 шақырымдық электр желісін тарту жұмыстарының барысын қарап шықты. Бұл жоба «РадАгро» ЖШС-не 801 гектар суармалы жерге жоңышқа мен жүгері егуге, шаруа қожалығының мал басын 220-дан 500 басқа дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Бердібек Сапарбаев шаруа қожалықтарының басшыларымен және ауыл еңбеккерлерімен кездесті.

- Сіздерге ауылшаруашылығын дамыту үшін берілген жерлерді тиімді пайдалану керек. Енді оны игеру үшін үш жыл мерзім берілмейді. Егер, жер бір жылдың ішінде игерілмесе, мемлекет меншігіне қайтарылады. Қайтарылған телім жермен жұмыс істей білетін шаруа қожалықтарына бөлінетін болады. Мал баққысы, егін еккісі келетінтерге жер беріп, қолдау көрсетеміз,- деді облыс әкімі ауыл тұрғындарына.

Айта кету керек, соңғы жылдары облыстағы егіс алқаптары жыл сайын 7-10 мың гектарға артып келеді.

Кездесу кезінде Бердібек Сапарбаев шаруа қожалықтарына көкөніс өсірумен айналысуға, мал шаруашылығы мен ара өсіруді дамытуға шақырды.

Облыс басшысының жұмыс сапары Қазан ауылына жақын орналасқан «Бәйтерек» шатырлы лагерінде жалғасты. Лагерь үш маусымға жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мұнда жергілікті бюджет есебінен 100 бала тынығып жатыр. Қайыңды, қарағайлы орман алқабында 20 шатыр тігілген. Оқушылар облыс басшысына спорттық-туристік сайыстарда өз шеберліктерін көрсетті.

Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі сондай-ақ, «Ремонтник» ЖШС-де болды. Аталмыш серіктестіктің өнімі тау-кен өндірісінде, металлургияда, құрылыс материалдары өндірісінде қолданылады. Былтыр серіктестік 70 миллионнан астам теңгеге өнім өндірді, мұнда 19 адам еңбек етуде. Кейін облыс әкімі ұзындығы 30,5 шақырым болатын Мәртөк-Байторысай бағытындағы автокөлік жолының ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Құрылыс келесі жылы аяқталу керек. Мәртөк ауылында облыс әкімі «Бақытты бала» саябағының ашылуына қатысты.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды, балаларды дамыту үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Біздің міндетіміз – осы игі істерді жалғастыру. Сондықтан, бізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бақытты бала» жобасы іске асырылуда,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Кездесу соңында облыс әкімі 20 оқушыға елордаға саяхаттау үшін сертификаттар тарту етіп, Астананың 20 жылдығына орай аллеяға ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі