Облыс әкімі халықты көмірмен толықтай қамтамасыз етуді тапсырды

21 қазан, сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көмір сақтау қоймаларында болып, онда оны жеткізу, сату, әлеуметтік нысандар және облыс тұрғындарын қамтамасыз ету барысымен танысты.

Аймақ басшысы жеткізушілерден көмірдің алу сомасы және тұтынушылар үшін түпкілікті қойылатын баға туралы сұрады.

«Өзіңіз тоннасын 9-10 мың теңгеге алып, халыққа 15-16 мың теңгеге сатасыз. Бұл сома қайдан пайда болды? Неліктен осындай жоғары баға қойғансыз? Сізде мұншалық шығын жоқ», - деді облыс әкімі компания басшысына.

Сондай-ақ, ол көмірді сақтау қоймаларының жоқтығын, қатты отынды өткізумен айналысатын кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының ескіргенін атап өтті.

«Сегіз жыл бойы өрт пен техникалық қауіпсіздік ережелеріне сай көмірді сақтайтын қарапайым база сала алмапсыздар. Мұнда қойма жайлары, тиегіштер болуы тиіс, вагондардың жүгі автоматты түрде түсірілуі керек», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Облыс басшысы тиісті мемлекеттік органдарға осы мәселе бойынша тәртіп орнатуды тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі