Обл. маслихат сессиясында 2016-2018 жылдарға арналған бюджет талқыланды

You are here

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті отыз жетінші сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары және департаменттер мен басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі сұрақ бойынша 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет талқыланды. Әлеуметтік саланың қазына қаржысынан тарықпауы басты мәселе ретінде қаралды. Бұл әрине әлемдік дағдарыс кезеңінде экономиканы тұрақтандырудың алғы шарттары.

Депутаттар алдымен, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашеваның баяндамасын тыңдады. Оның мәлімдеуінше, бюджеттің құрылымы Елбасының тапсырмасына сәйкес оңтайландыру бағытында түзіліп отыр. Қазынаның кіріс бөлігі, түрлі факторлармен байланысты болады. Ал, шығысы келесі жылдан бастап 700 млн теңгеге қысқарады. Негізінен, 27 бюджеттік бағдарлама басты бағыт болмақ.

РУЗИЯ  АЙДАШЕВА , АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІ ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Жалпы, әлеуметтік салаға 2016 жылы облыстық бюджет есебінен 25 миллиард теңге бөлінеді. Оның ішінде, денсаулық сақтау саласына 7 млрд. 700 млн. теңге, білім саласына 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетін болды. Ал әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке қазынадан қаралған қаржы көлемі - 862 млрд теңге.

Жұмсалатын қазына қаражаты қатаң үнемдеуді қажет етеді. Алайда, әлеуметтік нысандар соның ішінде мектептер мен балабақша құрылыстары, оларға жылу желілерін тартуға көзделген қаражат толық игерілетін болады.  Сессия жұмысында бұдан бөлек отыз жеті сұрақ талқыланды. Сыбайлас жемқорылыққа қарсы стратегияның іске асырылу барысы, жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларын түзету мәселесі де айтылды. Ал қаланы жасыл желектендіру, абаттандыру бойынша сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаевтың жұмысын облыс әкімі сынға алды. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ғимараттың айналасын көгалдандыруды, оның иесіне құрылысты жүргізбес бұрын, ескерту қажет. Ағаш отырғызып, айналасын абаттандыру жұмыстарына қанша шаршы метр жер бөлінетінін алдын ала келісу керек. Уақытында айтылмағандықтан, шағын және орта бизнес өкілдерін абаттандыру жұмыстарына қалай тартпақсыз?  Ол үшін арнайы талап болуы тиіс.

Мамандардың болжамы бойынша, облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 100 млрд. теңгеден астам қаржыны құрауы тиіс. Салық түсімдерінің есебі бойынша облыс қазынасы келесі жылы 32 млрд. теңгеге толығады деп күтілуде. Сессия жұмысында қаралған тағы бір сұрақ , тұрғындарының саны 50-ге жетпейтін елді мекендердің таратылуы. Болашағы жоқ деп танылуы тиіс ауылдар Әйтеке би, Алға және Ырғыз аудандарында бар. Сессия жұмысын қорытындылаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев  уақыт талабына сәйкес қаржыны үнемдеу маңызды екенін айтып, алдағы екі жылға бекітілген бюджеттің ұсынықты жұмсалуын тапсырды.

 

 

 

Жаңалықтар таспасы