Ойыл ауданындағы 60 оқушыға Қазақстан бойынша саяхат жасауға тегін жолдамалар берілді

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 3 мамыр, бейсенбі күні жұмыс сапарымен Ойыл ауданында болды.

Ойыл ауылындағы аудандық мәдениет үйінде «Бақытты бала» жобасы аясында мерекелік концерт пен балалардың робот техникасындағы, спорт, ғылым мен білімдегі жетістіктерінің, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалардың жұмыстарының көрмесі өтті.

Мұнда өңір басшысы алпыс оқушыға Астана қаласына, Түркістан және Маңғыстау облыстарының киелі жерлеріне экскурсиялық саяхат жасауға тегін жолдама, сонымен қатар, үш аудандық мектепке 15 компьютер тарту етті. Облыс әкімі ата-ана қамқорынсыз қалған бес балаға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарын толтыру үшін жалпы сомасы 500 мың теңгеге сертификат табыс етті.

Күннің екінші жартысында Бердібек Сапарбаев Бестамақ ауылында болып, елу орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылыс барысын тексерді. Ауыл халқының өсу қарқынына қызығушылық танытқан Бердібек Сапарбаев жаңа мектептегі оқушыларға арналған орындар санын алпысқа дейін арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі Қобда-Бестамақ газ құбырының құрылыс жобасымен танысты. Жобаны жүзеге асыру Қобда және Ойыл аудандарының бес елді мекенін газбен қамтуға мүмкіндік береді. Газ құбырын келесі жылы  іске қосу жоспарланған.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі