Ойыл және Қобда аудандарындағы бес ауылға 2019 жылы газ кіреді

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 3 мамыр, бейсенбі күні жұмыс сапарымен Қобда ауданында болып, әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Бегалы ауылында өңір басшысы модульді кітапханаға, мектеп пен медициналық қызмет көрсету пунктіне барды. Ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде облыс әкімі олардың ойлары мен ұсыныстарын мұқият тыңдап шығып, барлық сұрақтарына жауап берді.

- Жуырда ұзақтығы 70 шақырым болатын Қобдадан Бестамақ ауылына дейінгі газ құбырының құрылыс жұмыстары басталады. Бұл бес елді мекенді, соның ішінде Бегалы ауылын да газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ біз 1991 жылы ашылғаннан бері жөндеу көрмеген ауылдық мектеп ғиамратын жөндеуге көмектесеміз,-деп уәде берді өңір басшысы.

Калиновка ауылында облыс әкімі 22 жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктірген «Бимаш» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің егін егу жұмыстарымен танысты. Ұсақ шаруа қожалықтарының ірі өндіріске өтуі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы арнайы техниканы сатып алуға және 2017 жылы 120 бас ірі қара мал мен 300 қойды бордақылайтын алаңды ашуға мүмкіндік берді.

Кооператив өнімді «Табыс» коммуналдық базарында сатады және ет өңдейтін мекемелерге жеткізеді.

Аудан орталығы – Қобдада Бердібек Сапарбаев дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Нысан пайдалануға дайын, тек әрлеу жұмыстары мен жақын маңдағы аумақтарды абаттандыру ғана қалды.

Жоба құны – 230 миллионнан асады. Кешенде бассейн, күрес залы мен қажетті спорттық және медициналық жабдықтармен жарақтанған өзге де спорт залдары болады.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Бұлақ ауылында болып, мектеп, ауылдық мәдениет үйін, медициналық қызмет көрсету пунктін қарап шығып, тұрғындармен кездесті және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі