Осы жылдың басынан бері 123 оқушы мектеп формасын сақтауға келісті

Ақтөбе облысында балалары мектеп формасын сақтамайтын ата-аналармен жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл сұрақтар өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің мәліметінше осы жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша өңірде мектеп формасын сақтамаған 340 оқушы бар. Олардың ата-аналарымен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 123 оқушының ата-анасы мектеп талаптарымен келісті, бүгінде олардың балалары бірыңғай форма киіп, сабаққа күнделікті барып жүр. Солардың ішінде 38 бала Ақтөбе қаласынан, қырық бала Темір, 26 бала Мұғалжар, он бала Алға және басқа да аудандардан.

Өңір басшысы осы бағыттағы жұмыстарға қоғам өкілдері мен мектептердің қамқоршылық кеңестерінің белсенді қатысуы қажеттігін атап өтіп, бұл жұмыстарды әсіресе облыс аудандарында күшейтуді тапсырды.

«Әңгімелесуді ата-аналар да, мектеп директорлары да жүргізулері тиіс. Бірақ, ақсақалдар, қоғам арасында, өз ауылында, ауданында, қаласында бедел мен сенімге ие кісілер де сырт қалмаулары аса маңызды»,-деді облыс әкімі.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі