Оңтүстік Кореяда жүрек ақауынан емделген сәби Ақтөбеге оралды

Он айлық ақтөбелікке жасалған жүрекше мен қарынша аралық каналының ашық ақауы  операциясы сәтті өткізілді.

Мұрат Эльдар 2017 жылдың наурыз айында «жүрекше аралық дефект» диагнозымен туылған болатын. Тексеру және операция үшін қаражат керек болды, алайда, отбасында әкесі ғана жұмыс жасайтындықтан қажетті қаржыны жинау қиынға соқты.

Бұл мәселенің шешімі «Severance – KZ» Халықаралық медициналық қоры» қоғамдық қорының арқасында мүмкін болды. Қараша айында қордың көмегімен кішкентай Эльдар Сеул қаласындағы «Severance» ауруханасына жатқызылып, оған жасалған операция сәтті өтті. Бір айлық оңалтудан кейін ол үйіне қайтты. Барлық қаралу, ота және емдеу тегін жүргізіліп, қабылдаушы тарап бар шығынды өзі көтерді.

2017 жылдың тамыз айында Ақтөбе облысының әкімдігі, «Severance – KZ» ХМҚ ҚҚ және Ёнсе Университетінің «Severance» ауруханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған болатын. Құжатқа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, аурухананың бас директоры Ли Бен Сок және қор президенті Лариса Ан қол қойды.

Келісім бойынша «Severance» ауруханасындағы емдеу, кеңес беру және ота жасауды қайырымдылық негізде жүргізу көзделген. Бұдан басқа, Ақтөбе медициналық кластерінің жұмысын жүзеге асыру аясында Оңтүстік Кореяның үздік дәрігерлері Ақтөбеге азаматтарға түрлі аурулар бойынша көмек көрсетуге және ақтөбелік әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізу үшін тұрақты түрде келіп тұрады.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі