Ржевте қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш ашылды

8 мамыр, сейсенбі күні, Тверь облысының Ржев қаласында Жеңіс күні қарсаңында қайта жөндеуден кейін қазақстандық жауынгерлердің 100-ші және 101-ші атқыштар бөлек бригадасының мемориалдық кешені ашылды.

 Іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған Ақтөбе облысының делегациясы қатысты. Оның құрамына Ауған соғысының жауынгер-интернационалистері қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ржев шайқасының қатысушысы Балқасын Кенжеғариннің немересі Аслан Балқасынов, Ржев шайқасының қатысушысы Ермак Кужиевтің қызы Әлима Кужиева, Әлия мен Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғ.Байдербес, жазыушы Мейірхан Ақдәулетұлы мен тағы басқалар кірді. 

Салтанатты шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя, «Ростех» қалалық корпорациясының бас директоры С.Чемезов, Еуразиялық банкінің басқарма төрағасы А. Бельянинов, ардагерлер, тыл еңбеккерлері, қазақстандық студенттер мен қала тұрғындары да қатысты. 

Ржев жері Қазақстан халқына қасиетті. Осы жерде 1942 жылы желтоқсанда Алматы мен Ақтөбе қалаларында құрылған 100 және 101 атқыштар бригадаларының сарбаздары шексіз даңққа бөленді.  Жауынгерлік операция кезінде қазақстандық дивизия өз жеке құрамының 80%-ға жуығын жоғалтты, бірақ өздеріне жүктелген миссияларын орындады.

2010 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай біздің отандастарымыздың ерлігінің құрметіне Қазақстан Елшілігі Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп, Ржев қаласында қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешен салды. Содан бері қазақстандықтар, әсіресе, ақтөбелік тұрғындар қасиетті орынға барып тұрады. 

Ұлы Жеңістің 73-ші жылдығы қарсаңында мемориал толықтай қалпына келтірілді. Ол тағы бір колоннамен толығып, гранит плиткасы ауыстырылды, кеспе тастар төселіп, кешеннің жарығы орнатылды. Сонымен қатар, «Туған жер» тұғыры қайта жаңартылып, маңындағы аумаққа орындықтар, қоқыс жәшігі, гранит құмыралар қойылды, гүлдер отырғызылды.

Іс-шара барысында Бердібек Сапарбаев қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік көрсеткен өз батырларын әрдайым есіне алып, құрметтейтіндіктерін атап өтті.

- Жеңіс күні - ең маңызды мерекелердің бірі. Фашизмді жеңу халықтың бірлігі, соғыс алаңдарындағы жаппай ерлік пен тылдағы  төзімді еңбектің арқасында болды. Соғыс жылдарында Ақтөбе облысының 122 мыңнан астам тұрғыны майданға аттанды, оның ішінде 36 мың адам қаза тапты. Біз елімізді қорғап, әлемді құтқарған аға буынның ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері! Осы жарқын күні сіздердің ұлы ерліктеріңізге, батылдықтарыңыз бен табандылықтарыңыз үшін шынайы құттықтаулар мен алғыс сөздерді қабыл алыңыздар, - деді облыс басшысы.

Өз кезегінде, И.Тасмағамбетов барлық қажетті құрылыс жұмыстарын өткізген  Ақтөбе облысының әкімдігіне кешенде жерленген адамдар мен туыстарының атынан алғысын білдірді.

- Бүгін біз адамзат тарихындағы ең қанды Ржев шайқасына қатысқан екі атқыштар бригадасының жауынгерлеріне құрмет көрсетеміз. Шайқастың аяқталғанына 75 жыл болды, ал шығындары аяғына дейін саналмаған. Біздің міндетіміз - балаларымыз бен немерелерімізге, ата-бабаларымыз айтқан соғыс туралы шындықты жеткізу, - деді дипломатиялық миссия басшысы.

Тверь облысының губернаторы И.Руденя Ақтөбе облысының тұрғындарына атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Іс-шараның жалғасы ретінде Ақтөбе және Тверь облыстарының шығармашылық ұжымдарымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Олар соғыс жылдарындағы танымал әндерді орындады.

Бұдан басқа, Ржевтің ҰОС ардагерлеріне ақтөбеліктердің атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

Салтанатты рәсім мемориалдық кешенді Ржев қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы келісімге қол қойылған соң аяқталды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі