Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының ауыр атлетикадан қола жүлдегері Фархад Харкиге пәтер кілті табысталды.

Бүгін Ақтөбе облыстық әкімшілік ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Е.Нұрғалиев 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының ауыр атлетикадан қола жүлдегері Фархад Ибрагимұлы Харкиге салтанатты түрде пәтер кілтін табыс етті. 

- «Өздеріңіз білесіздер, Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы олимпиада ойындарында Фархад Харки қола жүлдеге ие болып, көк Туымызды желбіреткен болатын.  Енді міне, осындай айтулы күнде еліміздің даңқын әлемге көтеріп жүрген спортшыларымызды колдау мақсатында  күрделі жөндеуден өткен жаңа пәтердің кілтін табыс еткелі отырмыз. Сізді тәрбиелеген, дайындаған жаттықтырушыларыңызға және республикалық, облыстық федерацияларға өңір басшылығының атынан үлкен алғысымды жеткіземін. Жаңа биіктерге жете берулеріңізге тілектеспін. Сонымен қатар, бүгінгі қазақ халқы үшін айтулы мереке Тәуелсіздік күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын», — деді өз сөзінде Ербол Нұрғалиев.

Шара барысында Фархад Харки өзіне көрсетіліп жатқан сый-құрмет үшін  облыс әкіміне үлкен ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта, отандастарын өз жеңістерімен қуантуға және сенімдерін ақтауға тырысатынын жеткізді.

 Айта кетейік, қазіргі таңда Фархад 2018 жылы өтетін жазғы Азия ойындарына және әлем чемпионатына тыңғылықты дайындық үстінде.