Саябақтарға екі жүз түп көшет отырғызылды

You are here

Ақтөбені санитарлық тазалауға, көріктендіру мен абаттандыруға арналған екіайлық шеңберінде кеше орталық саябақтарға көшет отырғызылды. Облыстың белсенді жастары, дарынды спортшылары, республикалық өнер байқауларының лауреаттары көпшілікке үлгі болып, қаланың көріктенуіне үлес қосты.

Тұңғыш президент атындағы орталық саябаққа Ақтөбе қаласының белсенді жастары жиналып, көшет отырғызды. Облыстың намысын халықаралық спорт додаларында қорғап жүрген білекті спортшылармен қатар,  "Қазақ аруы" байқауына қатысқан талдырмаш болйжеткендер де қолдарына күрек алып, шелек ұстады. Бұл науқанға қатысуға арнайы барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әп дегеннен демеушілердің көмегімен алынған бәкене бойлы, ұсақ талдарды көріп, сапасына көңілі толмады.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ

Облыс әкімі тал отырғызуда көзбояушылыққа, салдыр-салақ жұмысқа жол берілмейтіндігін де ескертті. Атадан мал қалғанша, тал қалсын нақылын ұстанып, кейінгі ұрпаққа жайқалған, мәуелі бақ қалдыру парызымыз деді. Ал, тамыры келте, сырығы кепкен көшеттердің ғұмыры қысқа. Мәпелеп баптағанмен, тамыр жаймай солады. Сол себепті облыс әкімі қала басшысына орынды ой айтты. Келелі кеңесті жастар да естіді.

ЕРБОЛ ШЫМА, "АҚТӨБЕ ЖАСТАРЫ" ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Терек-талдар, үйеңкі мен бөртегүл Пушкин атындағы саябаққа да отырғызылды. Жекеменшік бақтың қожайындары 180 көшетті башқұрт елінен алдырған. Тұрғындардың көп жиналатын орнына айналған Пушкин бағы қаланың ескі бөлігінің тынысын аша түседі. Ақтөбеде жас шыбықтар бюджет есебінен де алынады.

БЕКБОЛ САҒЫН, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жалпы, Ақтөбедегі жайқалған ағаштардың дені - қара ағаш. Алайда, орталық көшелердегі ағаштардың дені қартайды. Демек, болашақта жүз жылға дейін жайқалып тұратын қылқанжапырақты ағаштарға мән беру керек. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов Абай даңғылындағы ағаштарды көшет кезінде өз қолымен отырғызғандардың бірі.

КЕҢЕС БІРМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Өткен демалыс күндеріндегі сенбіліктерге қала бойынша 8 мыңнан аса адам қатысқан. Олардың тиянақты еңбектері апта сайын тал егіп, ағаш отырғызуға ұласады.

 

 

Жаңалықтар таспасы