Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған форум өтті

Сыбайлас жемқорлық - қоғамның жегі құрты. Сондықтан да, біріккен ұлттар ұйымы осыдан 12 жыл бұрын тоызыншы желтоқсанды халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні ретінде белгіледі. Ол конвенцияға қол қойған 178 елдің қатарында Қазақстан да бар. Ақтөбеде өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қоғамның дамуына тежеу болатын жемқорлықпен ел болып күресу керектігін айтты.

Форум Қазақстан-Ақтөбе телеарнасы әзірлеген фильммен басталды. Онда Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің жыл бойғы есебі берілген. Әрине, қоғамдағы сыбайластықты, жемқорлықты азайтуға жалғыз департаменттің күші жеткіліксіз. Сондықтан да, форумға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев коррупциямен ел болып күресуге шақырды. Ең бастысы, мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстағандар өз қалтасы мен мемлекет мүддесін шатыстырып, халық сенімінен айырылып қалмауы керек,- деді облыс әкімі.  

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жиында баяндама жасаған облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары-тәртіптік кеңес төрағасы Қайыржан Токушев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Сандарды сөйлетер болсақ, былтыр жыл бойына сыбайлас жемқорлыққа байланысты 63 қылмыстық іс қозғалған. Биылғы 11 айдың өзінде қылмыстық істер саны жүз он төртке жеткен. Қазір еліміздің заңнамалары жаңғыртылып, билік өкілі мен бұқара арасындағы заңсыз байланыстарға тосқауыл қойылды. Мемлекеттік қызметте ашықтық пен шынайылық қалыптасып, Елбасы тапсырмасымен жемқорлықты түбірімен жоюға толық мүмкіндік берілген.

ҚАЙЫРЖАН ТОКУШЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПРАТАМЕНТ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ-ТӘРТІПТІК КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ

Қазіргі қоғамда жемқордың әрекеті - сүйекке түскен таңба іспетті. Қылмыс жасап құныққаны абақтығы қамалып, кейінгілері еселенген айыппұл төлеп, тіпті мемлекеттік және басшылық қызметтен өмір бойы аластатылып жатқандар да бар. Өңірдегі насихат және алдын алу шараларының молдығына қарамастан, Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлық рейтингісінде алғашқы бестіктің қатарында. Бұл өз кезегінде инвесторларды үркітіп, экономиканың өсуіне тежеу. Пара алушы мен пара берушінің әрекеттері әлеуметтік саланың ілгерілеуіне де кедергі.

ТҮРІКПЕНБАЙ АЙЖАРЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Форум аясында Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, мектеп мұғалімдері, жастар ресурстық орталығының басшылығы да сөз алып, жиналғандарды сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күреске шақырды. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментімен 80 ұйым, тоғыз мыңдай адам жемқорлықпен, сыбайластықпен күш біріктіре күресу жөніндегі ашық келісімге қол қойған. 

КЕЛДІБАЙ ЕСПАҒАМБЕТОВ, "БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ КЕҢЕСІ" АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Жиынды қорытындысы бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше көзге түскен өкілдеріне алғыс хаттар тапсырды. Ал, департамент бастығы Қайрат Сөнтаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін қоғамдық ұйым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистерді де марапаттады. Ал, форум қатысушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы үндеу қабылдауымен қорытындыланды.

Қосылды: 
09.12.2015 - 15:35
Соңғы өзгерiстер: 
29.08.2016 - 15:57