Татарстан Ақтөбе облысының ет кластерін дамытудағы тәжірибесін үйренуде

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен Татарстан Республикасының делегациясы келді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, муниципалды аудандар мен ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары кірді.

Делегаттардың өңірге келулерінің негізгі мақсаты – «Актеп» ЖШС базасында құрылған Ақтөбе ет кластерінің жұмыс жасау тәжірибесін үйрену. Бүгінде кәсіпорын асыл тұқымды мал өсірумен айналысады, 11 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы мен қуаты жылына 7200 тоннадан асатын ет өңдеу кешені бар.

Бүгінде кластер барлық облыстың 350 шаруа қожалықтарымен әріптестік қарым қатынаста. Серіктес болу - табысты кеңейіп, аналық малдарды толықтыруға және мал тұқымын жақсартуға ауқымды қаражат тартпай-ақ мүмкіндік алған, өздері шығарған еттің үнемі өткізу нарығы бар, жиналған мал азығы артығымен болатын қарапайым шаруалар үшін тиімді.

18 қыркүйек, сейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков татарстандық делегацияның басшысы, Премьер-министрдің орынбасары – ТР ауыл шаруашылық және азық-түлік министрі Марат Ахметовпен кездесті.

- Ақтөбе облысы мен Татарстан республикасы мәдени-гуманитарлық салада тиімді өзара әрекет етеді.

Атап айтқанда, биыл «Бақытты бала» жобасы аясында алғаш рет біздің оқушылар Қазанда демалып, цифрлық технологиялар саласында білім алды. Алайда, біз сауда-экономикалық саладағы қарым-қатынасты да дамытуымыз керек. Біз әріптестік етуге болатын салалар көп, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында, - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Өз кезегінде Марат Ахметов қазақстандық тарапқа жылы шыраймен қабылдап, «Актеп» ЖШС жұмысымен танысуға мүмкіндік бергендері үшін алғысын білдірді.

- Мәскеуде бізге Қазақстанда, атап айтқанда Ақтөбеде ет кластерін құрудағы бірегей тәжірибе жөнінде айтқан болатын. Серіктестеріміздің кеңесімен біз осында келуді ұйғардық. Танысып болған соң, Ақтөбе ет кластерінің жай бизнес жоба ғана емес, салмақты әлеуметтік жоба екенін айта аламын. Өйткені, кластердің жеке өңдеу, бордақылау алаңдарынан өзге 350 серіктесі – шаруа қожалығы бар. Бұл жоба бізге өте қызықты. Енді, біз Қазақстанның мемлекеттік қолдауын сезе отыра дәл сондай жобаларды Татарстанда да пысықтайтын боламыз, - деп атап өтті М.Ахметов. Айта кетейік, Татарстан - Ресей федерациясының ірі субъектілерінің бірі. Татарстан республикасы ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі жағынан Ресей федерациясында үшінші орында.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі