Темір аудандық орталық ауруханасы кен орнында аман қалған екінші жұмысшының жағдайы туралы мәлімдеді

«СНПС-Ақтөбмұнайгаз» компаниясы хабарлағандай, қайғылы оқиғадан кейін, мекеме жұмысшысы 1964 жылы туылған ер азамат ауруханаға алып бара жатқан жолда көз жұмды. Ал зардап шеккен мекеменің екінші жұмысшысы 1972 жылы туған ер азаматқа жедел бірінші медициналық көмек көрсетілгеннен кейін денсаулық жағдайы жақсарғаны хабарланады.

Темір аудандық ауруханасының бас дәрігері Есентемір Демегеновтың хабарлауы бойынша екінші жұмысшының қазіргі таңдағы жағдайы жақсарып келеді.

«Зардап шеккен азаматқа жедел медициналық көмек көрсету үшін Кеңкияқ ауылдық ауруханасына Темір ауданынан реаниматолог дәрігер жолданды. Науқастың қазіргі жағдайы орташа. Дегенмен қазіргі таңда, науқас есін жыйды. Барлық сұрақтарға жауап бере алады. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Әрі қарай науқастың жағдайы жақсарады» - деп сендірді аудандық аурухананың бас дәрігері.

Айта кетейік, бұған дейін оқиғаға байланысты Ақтөбе облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне облыстық еңбек инспекция жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев хабарлаған болатын.

«Апат «Октябрьнефть» МГӨБ-да 2018 жылдың ақпан айының 22-і күні сағат 18.20-да орын алды.«№ 3410 ұңғымасындағы поршеньдік сорғыны ағымдағы жөндеуден өткізгілген . Жұмысшылар сорғыны бақыламақ болады. Негізінен насос суды айдайды.Сол мезетте газ шыққан. Соның салдарынан екі жұмысшы зардап шекті.Қазіргі таңда бір жұмысшы қаза тапты, ал екіншісінің халі ауыр жағдайда», - деп хабарлады облыстық еңбек инспекция жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.

 

 

Ақтөбе облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі