"Туған жерге тағзым" акциясының аясында Ырғызда мәдени-спорттық орталық салынады

Ырғызда құны 50 миллион теңгелік мәдени-спорт орталығы салынады. Бұл  -  «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ырғыздық кәсіпкерлердің  демеушілігімен жүзеге асатын жоба! Осы және ауыл-аймақтың өзге де жаңалықтары мен мәселелері туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Ырғыз ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде айтылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ырғыз ауданындағы сапарын Аманкөл ауылдық округінің орталығы Құтикөл ауылындағы Телжан Шонанұлы атындағы орта мектептің жағдайымен танысудан бастады. 2013 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілген жаңа ғимарат заман талабына сай келеді. Бұл мектепте балаларды іс жүзінде еңбекке баулу арқылы тәрбиелеу әдісі жақсы жолға қойылғанға ұқсайды. Аулада 75 түп жеміс ағашы бар. Мектептің бақшасы тағы бір ағашқа толықты. Облыс әкімі еккен теректі баптауды ұстаздар мен оқушылар енді өз мойындарына алмақ.

Өңір басшысы тағы бір ағашты аудан орталығы - Ырғыз ауылында жаңадан бой көтергелі отырған спорттық-мәдени сауықтыру орталығында екті. Жалпы құны 50 миллион теңгені құрайтын бұл демалыс орталығының құрылысына облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған "Туған жерге тағзым" акциясының аясында Ырғыздан шыққан кәсіпкер азаматтар демеушілік көрсетіп отыр. Орталықтың аумағы - 4,5 гектар. Онда жасанды шағын футбол алаңы, волейбол, хоккей алаңдары, теннис корты бой көтермек. Ал аудан активінің қатысуымен өткен жиында Ырғыздың әкімі Мирхан Дуанбеков 2016 жылдың алғашқы үш айына тиесілі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді.

МИРХАН ДУАНБЕКОВ, ЫРҒЫЗ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Аудан әкімінің есебін тыңдаған Бердібек Сапарбаев биыл облысымызда қолға алынған отбасылық фермерлік шаруашылықтарды дамыту жобасы, «Бизнестің жол картасы» сынды кәсіпкерлікті өркендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асырылуының әлі де мардымсыз екенін айтты.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жол бойындағы қызмет көрсету бизнесіне байланысты аудан әкімі биылғы жылы «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» күре жолы бойында 5 кемпинг пен 1 бензин құю бекетінің ашылатынын мәлімдеді. Бұл нысандардың құрылысы үшін аудан экономикасына 1 миллиард теңгеге жуық қаржы құйылады.

МИРХАН ДУАНБЕКОВ, ЫРҒЫЗ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би және Шеңбертал ауылдарына да барды. Күре жолдың бойынан жырақтау жердегі бұл екі ауылдың мәселелері ортақ. Халық ауыз суды аулаларында қазған құдықтарынан алады. Саманнан салынған мектеп ғимараттары да ескірген. Ауылдықтар ұялы байланыстың игілігін көрсек дейді. Соңғы жылдары байқалып жүрген тағы бір мәселе - қос елді мекеннің іргесімен ағатын Ырғыз өзенінің табаны жыл сайын ауылға қарай жылжып келеді. Ауылдықтар «Болашақта ауылымызды су баса ма деп қауіптенеміз» деген үрейлерін жеткізді. Биылғы жылы да өзен арнасынан асып, тұрғындар жағалауды бекітуге тырысқан. Бердібек Сапарбаев әдейі ат басын бұрып, жағдайды өз көзімен көріп танысты. Ол бұл мәселенің түбегейлі зерттеліп, тиісті шаралары алынатынын айтты.

 

 

Қосылды: 
12.04.2016 - 12:09
Соңғы өзгерiстер: 
07.09.2016 - 17:32