Халықаралық инвестициялық форумы аясында 13 меморандумға қол қойылды

You are here

«AKTOBE INVEST-2015» - «Экономикалық ынтымақтастықтың Жаңа Жібек жолы» Халықаралық инвестициялық форумы  болып өтті. Форумның мақсаты - Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру, сонымен қатар, экономиканың нақты секторына инвесторларды тарту. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының негізінде ұйымдастырылған шараға министрлер, ұлттық компаниялардың басшылары және алыс-жақын шетелдердің өкілдері қатысты.Халықаралық инвестициялық форумды "Қазақстан-Ақтөбе" телеарнасы тікелей трансляция арқылы  көрсетті.  

Қазақстан, оның ішінде Ақтөбе облысы инвесторлар үшін қашан да қолайлы және тартымды өңір. Қазба байлықтары мен тоғыз жолдың торабында орналасқан тиімділігі Ақтөбе жеріне қызығушылықты еріксіз арттырады. Елде өндірілетін мұнайдың 9 пайызы, газдың 20 пайызы, мыстың 22 пайызы тиесілі Ақтөбе облысында әлі де инвесторларды тарту, кен орындарын бірлесе игеруге мүмкіндік жеткілікті. Мәселен, инвестициялық форум аясында өткен инвестжобалар көрмесіне қатысқан Ақтөбе мыс компаниясының өкілдері осындай пікірде.

АЛМАС БЕКБАУОВ, АҚТӨБЕ МЫС КОМПАНИЯСЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Ақтөбе облысында басымдыққа ие мұнайгаз өндіру және қайта өңдеу, химия өнеркәсібі, сондай-ақ қара және түсті металлургия саласындағы кәсіпорындар форум аясында өзара пікір алмасып, жетістіктерін жиналғандарға көрсетті. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қонақтарымен бірге көрмені аралап, әрбір кәсіпорынның басшыларының есебін тыңдады. Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергті де біздегі қыз-қыз қайнаған тіршілік қызықтырғандығы байқалып тұр. Алдымен, инвесторлар үшін кедергілердің жойылып, заңның да халықаралық талаптарға сәйкестендірілуі - Елбасының тапсырмасы. Сондықтан да мұнайгаз өндірісінде қомақты үлесі мен тәжірибесі бар Қытай ұлттық мұнайгаз корпорациясының әлі де тың жобалары жеткілікті.

ТАҚТАЛИФУМ ЕСЕНҚҰЛОВ, "СНПС-АҚТӨБЕМҰНАЙГАЗ" АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ 1-ОРЫНБАСАРЫ

Инвесторлар көз тіккен ауыл-аймақтың да түтіні түзу шығатыны белгілі. Пайдалы қазбаға бай Мұғалжар өңірі - осы жетістіктердің дәлелі іспетті. Аудан басшылығының нақты ұсыныстары мен талпыныстары және сұраныстарына сай инвесторлар да икемге келіп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдем беріп, әлеуметтік жауапкершіліктерін де орындауға тырысады. Демек, Елбасының тапсырмаларына сай инвесторарды көптеп тарту міндеті тұр.

СЕРІК ШАҢҒҰТОВ, МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Форум қонақтарына қайта өңдеу кәсіпорындарын, агроөндірістік кешен, құрылыс материалдарын шығару және көлік логистикасы саласындағы таныстырылымдармен мұқият танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев инвестициялық форумның жалпы отырысында әңгімесін осынау ауқымды шараларға қатысушыларға рахмет айтудан бастады. Бұл ілтипаттың өзі - инвесторларға түзу көзқарастың белгісі.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бердібек Машбекұлының айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының негізінде инвесторларға барынша жағдай жасалған. Тоғыз жолдың торабындағы Ақтөбе өңірінде шетелдік капиталдың үлесі бар 700 кәсіпорын табысты жұмыс жасап келеді. Облыстың транзиттік мүмкіндіктері де жоғары. "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық автокөлік дәлізі, инфрақұрылымы жетілген халықаралық әуежай, елдің батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін қосатын теміржол торабы - Ақтөбенің басты жетістігі. Инвесторлардың табаны Ақтөбе топырағына тиген бойда күтіп алып, бір терезе қағидасымен барлық жағдайын жасау үшін инвесторларға қызмет көрсету орталығы ашылды. Кәсібін дөңгелентуге жаңа заманауи өндірістік аймақта орын бар. Ал, кәсіпорын толық қуатына көшкен сәтте мемлекет оның шығынының 30 пайызын қайтарып береді. Демек, бизнестегі жұмақ осында.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ақтөбе облысы индустриалдық-инновациялық дамудың алғашқы бес жылдығында 70 жобаны жүзеге асырып, жаңа кәсіпорындары 600 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Ал, индустриалдық карта бойынша екінші бес жылдықта бұл көрсеткіш арта түседі. Басқосуда сөз алған Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг те Қазақстанның жетістіктеріне таңданысын жасырмады. Құдай қосқан көршілердің өкілі достық пен Еуразиялық интеграцияны жақындастыра түсуге мүдделі екендігін жеткізді.

ЮРИЙ БЕРГ, ОРЫНБОР ОБЛЫСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ

Ақтөбе облысы Орынборға шектесіп жатыр. Қазір Ақтөбе мен Орынбордың біріккен кәсіпорындарының саны жүзден асады. Әсіресе, энергетика, металлургия, машина құрастыру салаларындағы бірлескен жобалар нәтижелі болып тұр. Енді, Жібек жолын жаңғырта алсақ екі облыстың да экономикасына серпін болар еді. 

Инвестициялық форумға арнайы келген Қазақстан Республикасының энергетика министрі Владимир Школьник Ұлы жібек жолының бойындағы пайдалы қазбаларды шетелдік инвесторлар мен бірлесе игеруге барлық мүмкіндік жасалғандығын айтты. Ал, Батыс пен Шығыстың ортасындағы Ақтөбе облысы нағыз инвестициялық орталық, яғни қаржы кіретін қақпа болуға қолайлы, -  деді министр. Қазір Үкіметте инвесторларға қатысты заңдарды халықаралық талаптарға сәйкестендіру жүріп жатқандығын атап өтті.

Ал, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қазіргі және болашақ инвесторларға Қазақстанның еңбек қатынастарын реттейтін жаңа кодексіндегі ережелерді түсіндіріп берді. Әсіресе, жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынастарын реттеудің оңтайландырылғандығын жеткізді.

Ақтөбенің мүмкіндіктерін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының президенті Асқар Мамин де жоғары бағалады.

АСҚАР МАМИН, "ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ" ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ" АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Облыс экономикасының әлеуеті жоғары. Күні бүгінге дейін осы өңірде біздің компания 400 миллиард теңге инвестиция құйды. Алдағы бес жылда инвестиция көлемін 500 миллиард теңгеге жеткізіп, көлік логистикалық орталығын салу, теміржол бұйымдарын шығару және тағы басқа салаларды дамытуға қатысамыз.

Жалпы отырыста "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев та баяндама жасап, ортақ жобалардың орындалуына тоқталды.

ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ, "БӘЙТЕРЕК" ҰЛТТЫҚ БАСҚАРУ ХОЛДИНГІ" АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

Біздің холдинг тарапынан 2014-2015 жылдарға арналған жоспарлар толық орындалды. Осы арада Ақтөбе облысының қарқынды дамып келе жатқандығын атап өту кеерк. Біздің жобалау институттарымызбен бірге көптеген жобалар жүзеге асты. Мысалы, релс-арқалық зауыты мен Ақтөбе ферро қоырту зауытына салынған инвестицияға біздің холдингтің үлесі бар. Шағын және орта бизнесті дамыту жолында кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесе 1400 жоба жүзеге асырылды.

Ал, "ҚазТрансГаз" акционерлік қоғамының бас директоры Қайрат Шәріпбаев, отандық өндірушіні қолдау және халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру - дағдарысты еңсеру саясатының басты бағыттарының бірі ретінде атап өтті.

ҚАЙРАТ ШӘРІПБАЕВ, "ҚАЗТРАНСГАЗ" АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында салынатын цемент зауытына дейін алпыс шақырымдық газ құбырын тартып беруді міндетімізге аламыз. Облыстың бұрын газ бармаған Ырғыз, Әйтеке би , Ойыл аудандарына газ беруге байланысты облыс басшыларымен қол қойған меморандум бар. Соңғы үш жылда облыстық және республикалық бюджеттерден тек 2 жарым миллиард теңге игеріліп келсе, биылдың өзінде 6 миллиард теңге игерілді. Жалпы, біздің газ барған жерге инвесторлардың өздері келеді.

Жиында "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылығы да сөз алды. Мәселен, жақында ғана облыс әкімдігі  мен аталған қор екі меморандумға қол қойды. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тиянақтап айтып берді.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бұл екі меморандум өте ерекше. Біріншісі бойынша, жас кәсіпкерлерді қолдау үшін облыстық бюджеттен 100 миллион теңге, ал Даму қоры 200 миллион теңге бөлінеді. Екінші жоба бойынша, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін облыстық бюджеттен 200 миллион, ал, Даму қорынан 600 миллион теңге бөлінеді. Барлығын қосқанда, 1 миллиард 1 жүз мың теңге. Бұл қаржы игерілсе, жастар кәсіпкерлігі де, ауылдағы бизнес те дамиды. Енді, тек тиімді және пайдалы жобалар керек.

Кәсіпкерлер де өздерін толғантқан мәселелер бойынша сауалдарын беріп, министрлердің өзінен тұшымды жауап естіді. Ал, облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев облыстық инвестициялық әлеуетін, мүмкіндіктері мен пайдалы қазбалардың қоры туралы КЕҢІНЕН ТОҚТАЛДЫ. Жергілікті билік барлық ұсыныстар мен жобаларды қолдауға дайын. Негізгі жиынның қорытындысында қол қойылған 13 меморандум осының айғағы.

Жан жақты қол қойылған меморандумдардың арқасында енді облыс экономикасына қосымша ақштың бір жарым миллиард долларына тең инвестиция әкелуі тиіс. Ақтөбе облысының транзиттік потенциалын пайдалана отырып, әлеуметтік-экономикалық ахуалын дамыту мен әлемдік нарықтарға қол жеткізу және өңірге шетелдік инвестициялардың келуіне жаңа серпін беру мақсатын көздейтін келісімдер Ақтөбе облысы басшыларының басты мақсаты болатын

 

Қосылды: 
27.11.2015 - 16:07
Соңғы өзгерiстер: 
29.08.2016 - 16:02

Жаңалықтар таспасы