Хобда ауданының ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 1 млрд. теңге бөлінеді

You are here

Бұл туралы Қобда ауданының әкімі Мейрамбек шермағанбет «Ақтөбе ақпарат» ақпарат орталығында өткізген баспасөз мәслихатында хабарлады.

2017 жылы Қобда ауданында И.Білтабанов атындағы, Талдысай, Терісаққан және Бестау ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыру басталады. Аудан халқының ауыз сумен қамтылуын 64,4 % -дан 75 % -ға дейін өсіретін жобаның жалпы құны - 1 млрд. 12 млн. теңге.

2017 жылдың басым жобалары қатарында құрылыс көлемін арттыру, соның ішінде жаңа баспаналарды пайдалануға беру қарқыны да бар.

- 2017 жылы аудан орталығы – Қобда ауылында екі қабатты үш үйдің құрылысын бастап, 2018 жылы осыған ұқсас тағы төрт үй салу жоспарлануда, ал 2020 жылы бұл көппәтерлі үйлерден құралған бүтін бір шағын аудан болады. Айта кетейін, өткен жылы Қобдада мұқтаж азаматтарға жалпы алаңы 803 шаршы метр болатын 10 тұрғын үй берілген болатын. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй салу үшін тиісті инфрақұрылымы бар 300 жер телімі тағы бар. Алайда, ауданда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер теліміне кезекте тұрған азаматтар жоқ,-деп хабарлады аудан әкімі.

2017 жылдың ең ірі және әлеуметтік-маңызы бар жобаларының бірі – 320 орындық мектеп-гимназиясының құрылысы. Нысан ағымдағы жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен бірге, МЖС аясында үш медициналық бекет пен өңірлік оқу-сауықтыру орталығын салу жоспарда бар.

Баспасөз мәслихаты барысында аудан әкімі жолдарды жөндеу мәселесіне жеке тоқталды. Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, 2017 жылы Қобда ауылының үш көшесі мен Талдысай ауылына апаратын кіре беріс жолы жөнделмек. Облыстық маңызы бар Шұбарқұдық-Ойыл тас жолы Қызылжар ауылына дейін салынатын болады. «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль Илецк» жобасы аясындағы шекара бекетіне дейінгі жер телімі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұдан өзге туризм саласын дамыту мақсатында жергілікті билік Абат Байтақ, исатай Тайманұлы кесенелері мен Бұлақ ауылына апаратын кіре беріс жолға күрделі жөндеу жасау үшін жобалық-сметалық құжат дайындауға ниетті.

«Ақтөбе ақпарат» ақпарат орталығы

Жаңалықтар таспасы