Хромтау қаласында керамикалық тақтайшалар шығаратын зауыт іске қосылады

Ақтөбе облысының әкімдігінде Хромтау моноқаласында «якорлық» жобаларды жүзеге асыру барысы туралы жиын өтті. «Якорлық» жобалар жаңа өндірістер құру және қолданыстағы өндірістік қуаттарды кеңейту үшін жеке бизнестің салынған инвестициялары болып табылады. Басты мақсат - өндірісті арттыру және әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын құру.

Хромтау қаласында осындай үш жобаны іске асыру қажет. Дегенмен, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ерлан Назаровтың айтуынша, белсенді жұмыс тек қана бір жоба - керамикалық тақтайшаларды шығару зауыты бойынша ғана жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың тамыз айында бірінші өндірістік желі іске қосылады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны - 13,5 млрд. теңгені құрайды. 2020 жылы толық қуаттылықта іске қосылған кезде өндірісте 520-дан астам адам жұмыс істейтін болады. Макарон фабрикасы мен брикеттелген көмір өндіретін зауытты іске қосу жобалары күрделі мәселе болып қалып отыр.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, егер салалық басқарма «якорлық жобаларды» іске асыруға үлкен қызығушылық танытса, жағдай басқаша болар еді.

- Проблемалық сұрақтармен танысу қажет және оларды кеңседе емес, адамдармен жұмыс істей отыра шешкен жөн. Хромтау облыс экономикасын дамытудың Ақтөбеден кейінгі негізгі көзі болып табылады. Онда бизнесті дамыту үшін барлық жағдай бар. Индустриялық-инновациялық даму басқармасы аудан әкімімен бірге жаңа инвесторларды іздеу және тарту бойынша жұмысты күшейтуі керек, - деп атап өтті облыс басшысы.

Ол сондай-ақ, Хромтау керамикалық тақтайшаларын сатуға нақты дайындықты тапсырды.

- Ақтөбеде керамикалық тақтайшалар өндіретін зауыт ашылатындығын білесіздер. Ертең бір кәсіпорын басқа кәсіпорынды сатудан құр қалдырмауын байқап отыру керек. Мүмкін шығарылатын өнімдердің түрлерін қайта қарау қажет болатын шығар, - деді Б.Сапарбаев.

Тұтастай алғанда, облыс әкімі 2012-2020 жылдарға арналған «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасының құралдарын тиімді пайдалануды талап етті.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі