Энергия тиімділігі орталығы ақтөбеліктерге коммуналдық қызметтерге төленетін ақыны үнемдеуге көмектеседі

30 маусым, сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Энергия тиімділігі орталығында аталмыш жобаның қызметіне қатысты көшпелі отырыс өтті.

Құрылысы 2012 жылы басталған орталық ұзақ салынып жатқан ғимараттардың бірі болды. 2016 жылдың желтоқсан айында ғимарат республикалық меншіктен коммуналдыққа берілді. Бүгінде жоба аяқталуға жақын. Ғимаратқа Халыққа қызмет көрсету орталығын, облыстық ІІД-нің жедел басқару орталығын, қаланың тіршілігін қамтамасыз ету және инженерлік желілер мониторингі орталығын, сонымен қатар, Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданы әкімінің аппаратын орналастыру жоспарланып отыр. Жиынды ашқан өңір басшысы, орталықтың басты мақсаты – коммуналдық ресурстарды үнемдеу екенін атап өтті.

- Жоба тұрғындарға көрсетілетін барлық коммуналдық қызметтерді үнемдеуді қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатыр, - деді облыс әкімі. 10 шілдеде Орталыққа сынақ тәртібінде №4 «Қарғалы» тұрғын үй алабы (Нұр Ақтөбе) қосылады. Ақырындап басқа да шағын аудандар Орталықпен байланысатын болады. Бұл үшін үйлерде мәліметтерді автоматты түрде беретін қызметі бар есептеу құрылғылары орнатылуы керек. Мамандар Орталықтың артықшылығына қалалықтар тиісті бағасын береді деп сенеді. Өйткені, мысалға орталық үйлерге жылу беруді көшедегі ауа температурасына байланысты реттейтін болады. Яғни, 30 градус аязда пәтерлердегі батареялар минус 5-10 градус кезіндегіге қарағанда ыстық болады. Бұл жылуды артық шығындауға жол бермейді, бұл тұтынушылардың ақшаларын үнемдеуге болады деген сөз. Осыған ұқсас мысалдар көп.

- Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Орталықтың тағы бір негізгі міндеттеріне жатады. Барлық аулаларда, подъездерде камералар болу керек. Бұдан басқа, аудан тұрғындарына ыңғайлы болу үшін мұнда мемлекеттік қызметтердің барынша көп түрі көрсетілуі тиіс, - деген тапсырма берді Бердібек Сапарбаев.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады. Олардың алдында орталықты тиімді пайдалануға беру және оған тұрғын үй нысандарын қосудың күнтізбелік жоспарын жасау міндеті тұр.

Сондай-ақ, өңір басшысы бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын тексерді. Бердібек Сапарбаев «Қарғалы» тұрғын үй алабында Есет батыр Көкіұлы ескерткіші мен жаңа үйлердің тұрғызылу жұмыстарымен танысты. Монументтің айналасында тұрғындардың демалып, қыдырулары үшін жайлы алаңға айналатын гүлдер бағы болады. Барлық посткеңестік кеңістікке танымал «Артектің» аналогіне айналуы тиіс «Әсем» жыл бойғы лагерінде алаңы 8,8 мың шаршы метр болатын оқу корпусының құрылысы жалғасуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 65% аяқталған. Облыс әкімі мектеп ғимараты мен «ЛСТК»-нің фин технологиясымен тұрғызылып жатқан 60 орынға арналған ұйықтайтын корпусты қарап болғаннан кейін құрылыс басқармасын жобалаудағы кемшіліктер үшін сөгіп тастады, яғни мектеп дәліздері өте кең болып кеткен. Бұл алаңдарды объективті түрде тиімдірек пайдалануға болар еді. Сонымен қатар, білім беру басқармасына лагерьдің оқу-сауықтыру бағдарламасына IT-кластарда ақпаратық технологиялар мен робот техникасы сабақтарын қосу тапсырылды.

Облыс әкімі сондай-ақ, аэропорт ауданында Ақтөбе облысы мен Қазақстанның өзге өңірлеріндегі кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызылып жатқан қазақтың ұлы қолбасшысы Бөкенбай батырдың ескерткіші мен мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынып жатқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимаратының құрылыс барысымен танысты.

Бұдан өзге, өңір басшысы Батыс-2 шағын ауданында балалар стомотологиясы емханасы мен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының құрылыс алаңдарында болды. Бердібек Сапарбаев оңалту орталығы ғимаратының ішкі дизайнына баса назар аударды.

- Бұл емхананың емделушілері – балалар, сондықтан олардың тілін табу керек. Әрбір элементті балаларды дені сау әрі бақытты ететіндей ойластыру қажет, - деп түйіндеді ол.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі