Ғылыми техникалық орталықтардың жұмысын жандандыру керек

Ақтөбеде ғылыми- техникалық шығармашылықты дамытуға арналған "Техно-парк" мектебі ашылмақ. Бұл туралы білім беру ұйымдары басшыларының үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды. Республикалық деңгейде өткен  шараға облыс басшысы Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ, Білім және ғылым, әділет, инвестициялар және даму министрліктерінің өкілдері қатысты.

Көрмеге келушілердің назарына оқушылардың қолынан шыққан машина, кеме, ұшақ, тікұшақ, робот макеттері ұсынылды. Бұлардың бірі ұялы телефонға жүктелген арнайы бағдарлама арқылы қозғалса, енді бірі пульт арқылы кез-келген бағытта жылжиды. Көрмеге қойылған бұйымдардың әрқайсысы өз алдына бір дүние. Мәселен, мына робот-машиналарға бейнебақылау орнатылған. Нұсқаушының  бағыты бойынша жүріп отырады. Әрі жол кедергісіне кездескен жағдайда автоматты түрде айналып өтеді, немесе тоқтап өз бетімен кері бұрыла алады.

ДАРЬЯ ГОНЧАРОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ

Бұл роботтар барлығы дайын бағдарламамен жасалған. Бірақ әрқайсысын өз қолымызбен жинап, құрастырдық. Ұстаздарыммен бірлесе дайындаған бірнеше жобам Мәскеуде өткен байқауда жеңіске жеткізді. Жоспар көп, бастысы төзімділік қажет.

Бұл жұмыстардың авторлары - қалалық байқаулардың жеңімпазы атанған. Бүгінгі көрмеге де, техниктер байқауында жоғары бағаланып, авторына жеңіс әкелген жұмыстары қойылды.  

АЖАР СЕКСЕНБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ

Облыста кенжелеп қалған ғылыми-техникалық шығармашылық саласын дамыту енді-енді қолға алынуда. Осыған орай Білім беру ұйымдары "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп  "Техно -парк" мектебін ашуды жоспарлап отыр. 

ЖАНАТ САМҰРАТОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Мұндай орталықтарды ауылдық жерлерде ашу үшін маман даярлау керек. Мәселен, біздің облыста тек Алға ауданында мектеп жанында техникалық үйірме, Байғанин ауданында мектеп жанында радиоүйірме және Мәртөкте техникалық шығармашылық орталығының филиалы жұмыс істейді. Өнертапқыш мамандардың тапшылығы және қажетті материалдардың қымбатқа түсетіні қолбайлау болып отыр.

РАЙГҮЛ ЕНШІБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ

Бұдан кейін көрмеге қатысушылар үйлестіру кеңесінің отырысында бас қосты. Жиын барысында балалар мен жастардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытудың өңірлік жоспары талқыланды.  Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жас техниктерге қолдау көрсету, шығармашылық үйірмелерді одан әрі жетілдіру қажеттігін баса айтты.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жалпы республика бойынша мектептер жанында 2000-ға жуық үйірме жұмыс жасайды. Онда 27 мыңнан астам бала білім алуда. Ал ғылыми-техникалық бағыттағы бағдарламалар бойынша қосымша білім беру ұйымдарында 55 мыңнан астам оқушы тәрбиеленуде. Болашақта Ақтөбе және Павлодар қаласында Технопарк мектептерін ашу жоспарланған.

 

Қосылды: 
18.11.2015 - 11:05
Соңғы өзгерiстер: 
29.08.2016 - 17:06