Қазақстан мен Қытай мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығының 20 жылдығын атап өтуде

5 қыркүйек, сейсенбі күні Ақтөбеде Қазақстан республикасы мен  Қытай халық республикасының мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығының 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, «KAZENERGY» ассоциациясы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин мен CNPC корпорациясының вице-президенті Ван Дун Цзинь қатысты.

1997 жылы екі ел арасындағы келісім аясында Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының  (CNPC) алғашқы инвестициялық жобасына айналған «Ақтөбемұнайгаз» АҚ құрылды. Осылайша, Қазақстан мен Қытайдың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтығының тарихы басталды.

 - Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан үшін негізгі міндеттердің бірі - халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету болды, бұл үшін жер қойнауының байлығын игеру талап етілді. Президентіміз жүргізіп отырған дана саясатының арқасында сол бір қиын жылдары біз Chevron, Agip, British Petroleum және тағы басқа ірі әлемдік компанияларды тарта алдық. Олар экономикаға, халыққа көмектесті. Ақтөбе жеріне алғаш болып келген инвестор компаниялардың қатарында CNPC корпорациясы болды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қытай Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі болды және содан бері біздің елдердің саяси, экономикалық байланысы нығая түсуде,-деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі өткен 20 жылдың ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өңірдің экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін көп нәрсе жасағанын атап өтті. Бұған елімізге келген инвестициялар, жаңа техника мен технологиялар, салынған зауыттар дәлел. Сонымен, ынтымақтастық еткен жылдардың ішінде компания 100 млн тонна мұнай мен 51 млрд текше метр газ өндіріп, инвестиция 13 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтөбеде құны 1,5 млрд. теңге болатын жастар сарайының құрылысын аяқтамақ. Облыс аудандарында жүзеге асырылған әлеуметтік нысандар аз емес.

- Біз экономиканы дамыту үшін инвестиция көлемін арттырудың маңызды екенін түсінеміз. Компанияның биылғы инвестициялық жоспары 90 млрд теңгені құрайды, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Облыс басшылығы атынан Қазақстан мен Қытай халық республикасы арасындағы мұнай-газ ынтымақтастығына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Басты тілек – елдеріміздің байырғы тату көршілік қарым-қатынасы өркендеп, нығая берсін,-деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.

Жиынның қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР-ның мұнай-газ саласындағы 20 жылдық ынтымақтастығына арналған  символикалық ескерткіштің ашылуы болды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі