Қандыағашта көп балалы жанұялар мен жетім балалар қоныс тойын тойлады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 30 наурыз жұма күні жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданына барды. Ол аудандағы үш елді мекенде болып, әлеуметтік нысандарды тексеріп, тұрғындармен кездесіп, Елбасының, Үкіметтің аймақтағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың орындалу барысымен танысты.

Басшилі және Сағашилі ауылдарының тұрғындары облыс басшысына өздерін толғандырған өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, жауап алды.

Сонымен бірге облыс әкімі Басшилі ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің және 200-ден астам бала оқып жатқан мектептің жұмысымен танысты.

Сағашиліде Бердібек Сапарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан 18 шақырымдық ауылішілік су құбыры мен 320 орындық мектептің құрылысымен танысты. Ағымдағы жылдың тамыз айында жаңа ғимарат пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мектеп құрылысы мен жабдықтаудың жалпы құны 749 млн. теңгеден асады. Облыс басшысы жауапты тұлғалардың баяндамаларын тыңдап, барлық жұмыстарды сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды.

Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі 105 жасқа толған Мәрзия Қалимованы туған күнімен құттықтап, камзол мен қаржылай 200 мың теңгелік сертификат берді. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев 2 мүгедек баланы өсіріп отырған Айтолқын Сүлейменоваға 3 бөлмелі үйдің кілтін тапсырды.

Жұмыс сапары Қандыағаш қаласының орталығында жалғасын тапты. Мұнда облыс әкімі ауыз су өндіретін цех пен «DARINA AQUA» жылыжай шаруашылығына барды. Бүгінгі таңда «БЖК-2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасы аясында 2015 жылы ашылған цех 2,5 гектар жерді алып жатыр. Бұл жерде 24 адам жұмыспен қамтылған. Өндірістен күн сайын 10 текше метр таза ауыз су, 250 кг қияр, шалғам және балғын аскөк шығады. Өнімдер көрші Байғанин және Темір аудандарына, Ақтөбе қаласына және Атырау облыстарына жеткізіледі. Басшылық өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Қандыағаш қаласында кезекте тұрғандарға көппәтерлі тұрғын үйдің кілтін тапсыру салтанатына қатысты. 55 отбасы 1979 жылы салынған, бірнеше жыл бойы бос тұрып, толықтай күрделі жөндеуден өткен үйге қоныстанды. Олардың қатарында көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер және бюджеттік сала қызметкерлері бар.   

 - Әрбір адам үшін өз үйінің болуы өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тиімді шаралар қабылданды. Соның арқасында, бүгінгі күні Қандыағашта бірнеше көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр.

Іргетастан басталған құрылыстың басқа, біз тұрып қалған ғимараттарды да тиімді пайдалануымыз керек. Облыстағы кезек күтіп тұрғандарды үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев жаңа қоныстанушыларды қуанышты оқиғамен құттықтай отырып.

Ол сондай-ақ тұрғын үй алабын тексере отырып, жаңа қоныстанушы отбасылардың біріне теледидар сыйлады.

«Бақытты бала» жобасының аясында облыс әкімі Қандыағаш қаласының 100 оқушысына жазғы лагерьлерге жолдама тапсырды. Өңір басшысы «Baby park» балалар ойын-сауық кешенін аралаған сәтінде берді.  

Аудан орталығында облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесіп, облыстың жетістіктері мен одан әрі даму жоспарларын айтып, шағымдар мен ұсыныстарын тыңдады. Қаланың тұрғындарын алаңдатқан проблемалардың қатарында дәрігерлердің жетіспеушілігі болып отыр. Облыс әкімі бұл мәселені шешу бойынша шаралар қабылданып жатқандығын, М.Оспанов атындағы БҚММУ-мен тиісті келісімі бар екенін айтып өтті.

Сонымен қатар, облыс әкімі тұрғындарды мемлекеттік қолдауды мақсатты пайдалана отырып, кәсіпкерлікпен айналысуға, ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға, соның ішінде суармалы егіншілікке және ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытуға шақырды.

«Мұғалжар ауданы ең алдымен, өндірісті аймақ. Бірақ экономиканың тек бір тармағын дамыту мүмкін емес, бұл соңғы жылдары мұнай бағасының құлдырауына байланысты болған жағдайдың айғағындай үлкен қауіп-қатерге алып келеді. Өңірдің экономикасын дамытудың зор әлеуеті темір жол, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікте. Осы салаларды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар, олардың әрқайсыларыңыз пайдалана аласыздар. Ең бастысы - жалқау болмай,  жұмыс істеу керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Кездесу соңында өңір басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері Артем Проскурнияны 101 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып, 200 мың теңгенің сертификатын тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі