Қатерлі оқиғалардың қайталануына жол бермеуіміз керек

Қатерлі оқиғалардың қайталануына жол бермеуіміз керек. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Аңсар» ақпараттық-сараптама орталығында теологтар және имамдармен өткізген кездесу барысында осындай тапсырма берді. Облыс басшысы мешіттер мен діни орталықтарда ақпараттық-насихаттау жұмыстарының әлсіз жүргізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері діни қауымдастықтарды есепке алып, талдау жұмыстарын жүргізбейді. Әсіресе, жастармен жүргізілетін жұмыстар баяу болғандықтан, салдарынан жас балалар экстремистік топтардың құрығына түсіп жатады. Осындай жайттердің келесіде қайталанбауы үшін Бердібек Сапарбаев арнайы жұмыс тобын құрған болатын. Жұмыс тобының құрамына имамдар, теологтар мен ғалымдар кірді. Жұмыс тобының жетекшісі Асқар Шериязданов құрылған топ өңірде орын алған аталмыш жағдайдың туындау себептерін анықтаумен айналысатындығын алға тартты. Тапсырманың түйінін шешу үшін әр ауданда жұмыстар жүргізіп, халықпен кездесетін теологтар орталықтан тартылмақ. Бұдан өзге, діни ағымдарды ұстанушылардың арасында тест-сауалнама, әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі, сонымен қатар имамдардың қызметі мен мешіттерге мониторинг жасалады. Олардың қорытындысы бойынша алдағы уақытта жұмысты күшейтуді қажет ететін нақты бағыттар айқындалады

Қосылды: 
21.06.2016 - 10:48
Соңғы өзгерiстер: 
09.09.2016 - 14:00