Қобда ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Өткен сенбіде Қобда ауданының орталығында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

ДШСК-нің ашылу салтанатына ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Құны 257,5 миллион теңге тұратын заманауи спорт ғимараты 2 мың шаршы метр алаңда орналасқан. Мұнда бассейн, боксер және фитнес залдары, баскетбол және волейбол алаңдары, шағын футбол ойнайтын аумақ бар.

Кешен киім ауыстыратын кең бөлмелермен және жуынатын кабиналармен жабдықталған. Салтанатты шараға өңір басшысымен қоса облыстық мекемелердің басшылары, еңбек және спорт ардагерлері, Қобданың жергілікті тұрғындары мен жастары да қатысты.

- Кез-келген мемлекеттің амандығы оның азаматтарының денсаулығына тікелей байланысты. Сондықтан, Елбасы жастарымыздың дене тәрбиесіне баса назар аударады. Қазақстан отандық спортшылардың арқасында әлемге танымал, ал осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешені сынды спорт ғимараттары жүздеген ұл-қыздарымызға сүйікті спорт түрлерімен жыл бойы шұғылдануларына мүмкіндік береді,-деді қобдалықтарды спорт ғимаратының ашылуымен құттықтаған Бердібек Сапарбаев.

Айта кететін жайт, кешеннің ішіндегі мамандандырылған дүниелерден өзгелерін жергілікті өндірушілер жасаған.

Бұдан басқа, облыс әкімі жаңа балалар алаңының құрылысымен танысып шығып, «Бақытты бала» жобасы аясында дзюдодан облыс чемпионаты басталған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Жарысқа Ақтөбе, Мәртөк, Қарғалы, Мұғалжар және Темір аудандары мектептерінің оқушылары қатысты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі