ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ақтөбеліктерге зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақының көтерілетіндігі туралы айтты

You are here

Ақтөбе облысының әкімдігінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңаруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын түсіндіру мен өңірде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде жиналыс өтті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде мемлекет басшысы тапсырмаларының жүзеге асырылып жатқандығын және әлеуметтік саладағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады.

2016 жылдың қорытындысы бойынша Халықты жұмыспен қамту кешенді бағдарламасының көмегімен 29 454 адам еңбекпен қамтылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 13 369 ақтөбелікті жұмысқа орналастыру шаралары қабылданды. «Өрлеу» бағдарламасын іске асыру аясында Ақтөбе қаласында 37 отбасындағы 199 азаматқа шартты ақшалай көмек тағайындалды.

- Қабылданған шаралардың нәтижесінде, біз Президенттің маңызды тапсырмаларының бірін орындап, жұмыссыздыққа, соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздыққа жол бермедік. 2016 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8 % дейін төмендеп, жастар арасындағы жұмыссыздық 2,4 % құрады,-деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге, 2016 жылы халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз бөлігіне 2 млрд. теңге көлемінде түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп, 6,3 мың мүгедек жан техникалық және гигиеналық құралдармен, протездік-ортопедиялық көмекпен, шипажайлық сауықтырумен қамтамасыз етілді.

Жиналыс кезінде жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды.

Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, 2016 жылы 26 мың бос жұмыс орны жабылмай қалған.

- Қазақстандықтар білімінің немесе тәжірибесінің жеткіліксіздігінен ұсынылған қызметтерге орналаса алмады. Бұл бағыттың тереңдеуін болдырмау және және жұмыс күшінің біліктілігін арттыру үшін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарды еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа ие мамандықтарға немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды мақсат ететін жаңа нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жасалды. Сонымен қатар, дуалды білім берудің маңызын арттырып, шалғайдағы аудандардың халқына білім берудің оңтайлы курсы арқылы оқыту мүмкіндігін жасау, бұған қоса ауыл мен қаладағы шағын несиелеуді кеңейту жоспарлануда,-деді министр.

Тамара Дүйсенова зейнетақы мен жәрдемақының алдағы уақытта көтерілітіндігі жөнінде де хабарлады. Белгілі болғандай, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2017-2018 жылдары зейнетақының кезеңдік жоғарылауы қарастырылған. Жалпы алғанда, зейнетақының үш кезеңдік өсімі 2018 жылы төлем ( базалық зейнетақыны есептегенде) көлемін 2016 жылмен

салыстырғанда 45% дейін өсіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Тамара Дүйсенованың айтуынша алдағы зейнетақы көлемінің өсуіне байланысты 2017 жылдың 1 шілдесінде ең аз зейнетақы ( базалық зейнетақыны есептегенде) көлемі 37 789 теңгеден 45 711 теңгеге дейін, орташа көлемі ( базалық зейнетақыны есептегенде) 55 117 теңгеден 66 676 теңгеге дейін артпақ.

Зейнетақы төлемінің 45% дейінгі болжамды өсімін есептегенде (2017-2018 жж.) 2018 жылдың 1 шілдесінде Қазақстандағы орташа зейнетақы (базалық зейнетақыны есептегенде) көлемі 80 991 теңгені құрамақ. Бұған қоса, 2017 жылы бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы екі кезеңде 20%, ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өмір сүру шамасының өзгеруіне байланысты мүгедектікке, асыраушысынан айрылғандарға берілетін жәрдемақы және базалық зейнетақы 16% өспек.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы