Өңірде терроризм мен экстремизмнің алдын алу жұмыстары күшейтілді

You are here

Ақтөбе облысында терроризм мен экстремизимнің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Жат ағымдардың жетегінде белгілі бір топтардың ұстанымына еліктеп жүрген тұрғындар арасында дұрыс ақпарат беретін үгіт-насихат  үздіксіз жүргізілуі керек. Кеңейтілген кеңесте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауаптыларға осылай деп тапсырды. Өңірдің әлеуметтік дамуына қатысты сұрақтар қаралған кеңеске барлық деңгейдегі әкімдер, жергілікті атқарушы органдар басшылары қатысты.

Облыс әкімі дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшесі болып жүрген әр адаммен жеке сөйлесіп, қоғамға ортақ таным-түсінікті қабылдауға үгіттеу үшін дін саласының білімді мамандарын жұмылдыруды тапсырды. Ол аудан әкімдеріне тұрғындарды жұмыспен қамту өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспеуі керектігін ескертті. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Облыс әкімі осы жиында айтылған әр мәселеге жауаптылардың атүсті қарауына жол берілмейтінін ескертті. Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс.

Өңір басшысы, биыл ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ақтөбе облысына 6 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінгенін еске салды. Мемлекеттік бағдарламалар - ауылдық жерлерде жұмыссыздық проблемасын шешудің оңтайлы жолы. Мәселен, үй ауласындағы қора-қопсысын шағын фермаға айналдыруға ынталы ауылдықтар үшін 2,5 млрд. теңге бөлінеді.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ақтөбе облысында 2015 жылдың қорытындысы бойынша 2014 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. Жұмыссыздық проблемасын шешу үшін жергілікті билік дағдарысқа қарсы бірқатар шаралар қабылдады. Оның ішінде Мемлекеттік бағдарламалардың және салалық жобалардың  мүмкіндіктерін пайдалану арқылы кешенді жоспар жасалды. Сол арқылы жұмыссыздарға жұмыс, ал мамандығы жоқтарға қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндіктері берілді. 2016 жылы кешенді жоспар аясында 19 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына қатыстырылмақ. Биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, кешенді жоспарды 60 пайызға орындау мүмкін болып отыр. Сондай-ақ 2016 жылдан 2018 жылға дейінгі Жұмыспен қамту картасы әзірленді. Оның аясында жұмыссыздықтың өңірдегі нақты деңгейін анықтау мақсатында елді мекендерде  әр үйден жеке-жеке мәлімет жинақталуда.  Бұл жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыз жандардың әлеуметтік сипаты анықталмақ. Бұл жұмыссыз адамның проблемасын түсінуге көмектеседі, оны шешу үшін тиімді жолын табуға мүмкіндік береді. Облыс  әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа жұмыс орындарын ашуды және жұмыссыздарды жұмыспен қамтуды жалғастыра беруді тапсырды.

 

Қосылды: 
20.07.2016 - 12:21
Соңғы өзгерiстер: 
21.09.2016 - 14:54

Жаңалықтар таспасы