Өңір басшысы Ақтөбе әкімдігін өзекті мәселелерді тиімсіз шешкені үшін сынады

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында құрылыс пен коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, сонымен қатар, Ақтөбе қаласының өзекті мәселелерінің шешілуі талқыланды.

Жиынға аудан әкімдері, басқармалардың, құрылыс және жобалаушы компаниялардың басшылары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов жиын қатысушыларын осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында хабардар етті. Осылайша, энергия жағынан тиімді технологиялар құрылыс саласында кеңінен қолданылуда.

Атап айтқанда, 2017 жылы Қарғалы (Нұр Ақтөбе) тұрғын үй алабында «Нұрлы жер» бағдарламасымен түрлі технологияларды пайдалана отыра 144 көпқабатты тұрғын үйлер салынды. Тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау, қала құрылысы мәселелерін жан-жақты дамытуға, жоспарлауға және объективті тұрғыда қарауға мүмкіндік беретін бірыңғай дерекқор құру шаралары қабылдануда. Бұдан басқа, энергия көздерін жаңғыртатын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, биыл Мәртөк ауданында қуаты сағатына 450 кВт болатын жел энергиясының қондырғысы, Қарғалы ауданында екі желді электр бекеті және Ақтөбе қаласында жел генераторларын шығаратын зауыт пайдалануға берілмек. «Смарт сити» бағдарламасын, сонымен қатар, қоғамдық кеңістікті құру және жаяу жүргіншілер көшелерін дамыту жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Бердібек Сапарбаев бұл жұмыстың тиімділігін жеткіліксіз деп сынады.

- Құрылыста қолданылатын материалдар заманауи және қажетті талаптарға сай болуы тиіс. Жобалаушылармен және дизайнерлермен жұмыс істеу керек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта энергияны үнемдейтін технологиялар тиімсіз пайдаланылуда. Жауапты мемлекеттік органдардан күн батареяларын, жел электр станцияларын және басқа да жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөнінде ұсыныстар жоқ. Оларды пайдалану бюджеттің маңызды бөлігін үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, өңір басшысы қала билігінің назарын бірқатар өзекті мәселелерді шешуге аударды.

- Қала тұрғындары жағымсыз иіс пен уақытылы шығарылмаған қоқыс мәселесіне алаңдайды. Жағымсыз иістерді бейтараптандыру үшін кәріз тазарту ғимараттрына «дымқыл тосқауыл» технологиясы орнатылды және Қазақстанда баламасы жоқ су ағызатын станциялар салынып, пайдалануға берілді. Ал бұл жұмыстың нәтижесі қайда? - деп ашуланған облыс әкімі оны ерекше бақылауға алуды талап етті.

Талқылау соңында Б.Сапарбаев автомобиль жолдарын сапалы жөндеуді, саябақтарды абаттандыруды, тротуарларды, көшелерді жарықтандыруды, сондай-ақ, қаланың эстетикалық келбетіне сай келетін шағын сәулет нысандарын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

- Жалпы алғанда барлық сұрақтар халықтың көңіл-күйіне әсер етеді. Қысқа мерзімде тәртіпті қалпына келтіру керек, - деп талап етті Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі