Өңір басшысы облыстық психалық-жүйке аурулары интернат-үйінің жұмысымен танысты

21 қазан, сенбі күні аймақ әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық психикалық-жүйке аурулары интернат-үйінде болды.

Әлеуметтік мекеме 1988 жылы салынған, шаштараз, кір жуатын орын, асхана, көкөніс қоймасы және шағын жылыжайы бар үш корпустан тұрады.

Қазіргі кезде интернат-үйінде әртүрлі психикалық-жүйке ауруларымен ауыратын 400-ге жуық адам тұрады. Оларға жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолайлы жағдайлар жасалған. Интернат үйінің қамқорлығындағы жандар емдік, сауықтыру шараларын алады, спортпен, шығармашылықпен айналысады, шеберханада жұмыс істейді. Оларға 220-ден астам қызметкер, яғни 9 дәрігер, 170 медицина қызметкері және 40 әкімшілік және шаруашылық жұмысшылары күтім жасайды.

Бердібек Сапарбаев медициналық-әлеуметтік мекеменің материалдық-техникалық базасымен және науқастарды оңалту жағдайларымен танысты.

Сондай-ақ, облыс әкімі интернат қызметкерлерінің қамқорлығындағыларға арнап қойған концертіне қатысты.

«Мемлекет басшысының саясатының негізгі бағыттарының бірі халықтың әл-ауқатын арттыру екенін білесіздер. Еліміз қиын кезеңдерді бастан өткерген кездерде де Президент әлеуметтік саланың дамуына басымдық беріп келеді. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында қандай шаралардың қабылданып жатқанын көріп отырсыздар. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше назар аударылады. Сіздердің толыққанды өмір сүрулеріңіз үшін интернатта барлық жағдайлар жасалған», - деді облыс әкімі.

Жақында мектеп-интернат аумағында жасанды жабындысы бар жаңа футбол алаңы ашылды.

«Біз мұнда дәстүрлі емдеу түрлерімен қатар, спорттық сауықтыру іс-шараларын да қолданамыз. Бұл біздің қамқорымыздағы жандардың әл-ауқатына жағымды әсер етеді және олардың денсаулығын нығайтуға септігін тигізеді», - деді мекеме басшысы Клавдия Пан.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі