200-ден аса ақтөбелік дәрігерлер мен медицина қызметкерлері тиімді перинаталды технология оқуынан өтті

30 мамыр, сәрсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қорының (ЮНФПА)Қазақстандағы өкіліДжулия Валеземен кездесті.

Әңгіме барысында Джулия Валезе Ақтөбе облысы әкімдігі мен ЮНФПА-ның ана денсаулығы мен жеткіншектердің репродуктивті денсаулығын қорғауға қатысты бірлескен жобасының 2017 жылы жүзеге асырылуының нәтижесі жайында мәлімдеді.

Атап айтқанда, қор аналар мен нәрестелердің дансаулығын нығайту, ана мен перинаталды өлім-жітімді азайту мақсатында тиімді перинаталды технологияларды енгізуге қолдау көрсетті. 65 дәрігер мен 120 орта буындағы медицина қызметкерлері семинарлармен және тренингтермен қамтылды, 50  маман жүкті әйелдерге антенаталды көмек беруге оқытылды.

Сондай-ақ, жасөспірімдер мен жастардың қызметтерге, ақпаратқа, репродуктивті денсаулықты қорғау жөніндегі білімге жол жеткізуіне бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Сегіз колледжде 17 оқытушы репродуктивті денсаулықты қорғаудың күшейтілген компоненті бар «Валеология» курсын  оқып шықты. Олар бұдан кейін 1500-ден аса студентке сабақ өткізді.

- Жастар бір-біріне көбірек сенеді. Сондықтан, жасөспірімдердің көшбасшылық және коммуникативтік қасиеттерін арттыру мақсатында, сонымен қатар, біз оларды репродуктивті денсаулықты  сақтау сұрақтарына «тең теңімен» әдісімен үйрету үшін Ақтөбеде Y-PEER ерікті жастар ұйымын ашуға қолдау көрсетуді шештік,-деді Д.Валезе.

Өз кезегінде өңір басшысы Қор өкілдеріне көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдірді.

- Қазақстанда мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жетекшілігімен халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, соның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға баса назар аударылады. Сіздермен қол қойылған меморандумның аясында жүзеге асырылған шаралардың арқасында біз аналардың денсаулығы мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау сұрақтарына байланысты бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік алдық. Сіздердің мамандарыңыздың тәжірибелеріне баға жетпейді,-деді Бердібек Сапарбаев.

Кездесу соңында тараптар әрі қарайғы өзара тиімді әріптестікке үміт артты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі