2017 жылы Ақтөбе облысында өңіраралық кооперация шеңберінде тауар айналымы 5 миллиард теңгеге артты

Тауарлардың басым бөлігі Жамбыл, Қызылорда облыстары және Алматы қаласынан әкелінеді. Бұл жетістіктерге басқа өңірлермен жасалған ынтымақтастық туралы келісімдер мен меморандумдар арқасында қол жеткізілді. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сәрсембай Құсайын өңірден басқа облыстарға ондаған мың тонна өнім жөнелтілгенін айтты.

«Өткен жылы Ақтөбе облысынан басқа өңірлерге жалпы сомасы 16,4 миллиард теңгені құрайтын 47 мың тонна ауылшаруашылық өнімдері және 24,1 мың бас мал жіберілді» - деп атап көрсетті. Сондай-ақ, қазір таңда көршілес аймақтармен, Ресей Федерациясының Орынбор, Орск және басқа да облыстарымен жергілікті өнімдерді өткізу туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша басқа өңірлерден жалпы құны 10,4 млрд. теңгені құрайтын 28,3 мың тонна азық-түлік өнімдері және 6 мыңнан астам мал басы жеткізілді» - деді Қ. Сәрсембай.

Ақтөбе облысының  тауар өндірушілері мен басқа өңірлердің ірі сауда желілері арасында 50-ден астам келісім-шарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Бұл сауда орындарының қатарында «Магнум Кэш энд Керри», «МЕТРО Кэш энд Керри» және SMALL сияқты  дүкендер желісін атап өтуге болады.

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, көрсетілген жұмыстар  аймақтағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстауға ықпал етеді  және ағымдағы жылы да  жалғасын табатын болады.

Сондай-ақ, басқарма басшысы 2018 жылы егістік жерлер ауданы 754 мың гектарға және суармалы жерлер ауданы 8900 гектарға артатыны туралы айтты.

Пресс-конференция барысында осы жылы жаңа құс фабрикасының құрылысы басталатыны белгілі болды.

«Бүгінгі таңда біз өзімізді құс етімен қамтамасыз ете алмай отырмыз, сондықтан да өнімділігі 10 мың тонна болатын құс фабрикасының құрылысы бұл қажеттілікті шешетін болады. Өңірді қызанақпен және қиярмен толық қамтамасыз ету көлемі 43 гектар жаңа жылыжай салу арқылы шешіледі» - деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ. Сәрсембай

 

Ақтөбе облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі