2017 жылы Ақтөбе облысының жолдарын жөндеуге 7,8 млрд теңге бөлінбек

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті атқарушы биліктер мен мемлекеттік органдардың есебін тыңдауды жалғастыруда.

30 қаңтар күні өңір басшысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2016 жылы атқарған қызметі мен 2017 жылға жасаған жоспарын тыңдады.

- Экономиканың дамуы жолдарға тікелей байланысты. Сондықтан жолдың еліміз бен тұрғындарымыз үшін маңызы зор. Біздің міндетіміз – қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалана отыра елді мекендермен үздіксіз жол қатынасын қамтамасыз ету. Жалпы, бұл мақсатқа бөлінген қаржы көлемі – жеткілікті. Біздің ең басты міндетіміз – осыларды тиімді пайдалану. Қолымыздағы жергілікті материалдарды ескере отыра міндетті түрде жаңа технологияларды енгізу. Аудан орталықтары мен өзге елді мекендер арасындағы жолдарды төсеу кезінде өңірдегі табиғи материалдарды пайдалану қажет. Осы реттегі жұмыстар жүргізіліп жатыр, дегенмен қарқыны әлі де баяу,-деді жиынды ашқан өңір басшысы.

Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар көлік жолдарының ұзындығы 6 979,4 шақырымды құраса, олардың 5085,7 шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. 2016 жылы облыстың көлік жолдары саласын дамытуға 8,9 млрд теңге бөлінген. Басқарма басшысы Аязбай Османғалиевтің айтуынша жалпы ұзындығы 108,8 шақырым болатын барлығы 74 жоба жүзеге асырылған, оның ішінде 53,9 шақырымы қалалық және аудандық көшелердің еншісінде.

2017 жылы облыстық және аудандық маңызы бар көлік жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 7,8 млрд. теңге бөлінді. 298,5 шақырымдық жолды жөндеу жоспарлануда. Барлығы 27 жоба бойынша жұмыс жоспарда бар. Соның ішінде, Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск бағытындағы 30-45 шақырымдық жолға күрделі жөндеу жүргізу бойынша жобаны жүзеге асыру басталды.

Жиналыс барысында аймақ басшысы жол құрылысы кезінде МЖС аз қолданылатынын ескертті. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы теміржол, әуе және автовокзалдардың жағдайларын да байқаған ол аталмыш нысандарда тәртіп орнатып, қауіпсіздік ережелері мен нормаларын сақтауды тапсырды. Сонымен қатар жаңа әуе рейстерін ашу қажеттігі айтылды.

-Халықаралық әуежай болғанына қарамастан осы бағыттағы рейстердің ішінде тек Мәскеуге ғана жүйелі түрде ұшады. Еуропа мен Таяу Шығысқа әуе рейстерін ашу туралы айтылғанмен, әзірге тек сөз жүзінде қалып отыр. Грузия мен Прибалтика елдеріне чартерлік рейске қажеттілік бар. Санкт-Петербургке қатынағысы келетіндер қаншама?! Алайда олардың тек Орынбор арқылы ғана қатынауға мүмкіндігі бар. Ал осының бәрінен біздің әуежай қыруар пайда табар еді,-деді облыс әкімі.

Жиын кезінде Бердібек Сапарбаев кейбір аудан орталықтарында автовокзалдардың жоқтығын айтып, қалааралық және ауданаралық бағытта қатынайтын автобустар санын көбейтуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі