2017 жылы Ақтөбе облысының өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,5 трлн теңгеден асты

2017 жылы Ақтөбе облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары құны 1,5 трлн теңгеден асатын өнімді өндірді. Мұндай мәліметтер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста айтылды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіші бойынша оң динамикаға қол жеткізілді.

Алдын ала мәліметтер бойынша өңірдегі экономика өсімі 2017 жылы 5%-ды құрады. Есептік кезеңнің ішінде өнеркәсіптік өндіріс 5% көбейіп, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі 7,9%, тау-кен өнеркәсібі  4% өсті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1552 млрд. теңгені құрады.

Технологиялық жаңғырту мақсатында облыстың отыз ірі кәсіпорындарымен өндірісті жаңғырту және сандық технологияларды енгізу шараларының жоспарына қол қойылды.

2017 жылы жалпы сомасы 20 млрд теңгеге жиырма кәсіпорын жаңғыртылды. Биыл шамамен 38 млрд. теңгеге 25-тен астам компанияны жаңғырту және цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өнімді өндіру мен өңдеудің өзіндік құнын 7% төмендетуге, өнімділікті 20-30% арттыруға мүмкіндік беріп, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартады және жарақаттануды 10% төмендетеді.

Сондай-ақ, облыстағы кәсіпорындар ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған жалпы құны 43 млрд.  теңге болатын 18 әлемдік технологияны енгізуде.

Өңір басшысы осы қарқынды бәсеңдетпей, шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, сонымен қатар, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру шеңберінде технологиялық процесстерді цифрландыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі