2017 жылы Қарғалы ауданында 2,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді

Бұл туралы Рахат Сыдықов Бадамша ауылында өткен тұрғындар алдындағы есептік кездесуі кезінде мәлімдеді. Аудан әкімінің есебінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев болды.

Өткен жылы Қарғалы ауданы өнеркәсіп өндірісінің көлемін  0,5 % арттырды. Барлығы 2, 3 млрд. теңгеден астам соманың өнімі шығарылды. Инвестицияның жағдайы жақсарды: ауданның негізгі капиталына 4 млрд. теңге тартылды, бұл 2016 жылғы деңгейден 57,9 % көбірек.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің физикалық көлемінің индексі 109,2% болды (16, 5 млрд. теңге).

Жиын кезінде, аудан басшылығының жұмысында бірқатар проблемалық сұрақтардың бары айтылды. Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында бірде бір инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқан жоқ, 14 ауылшаруашылығы кооперативінің жетеуі тоқтап тұр, пайдаланылмаған жерлерді анықтауға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілмеуде: 2017 жылдың ішінде жерлерді пайдалану және қорғалуын  бақылау басқармасына ешқандай материал жіберілмеген. Соңғы бес жылдың ішінде екі дәрігерлік амбулатория мен бір медициналық пункт салынған, мемлекеттік-жеке серіктестік дамып жатқан жоқ.

«Қарғалы – әлеуеті жағынан облыстағы мықты аудандардың бірі. Бүгінде бұл мүмкіндік толық көлемде қолданылмайды. Соңғы екі жылдың ішінде бірде бір өндіріс ашылмаған, бірақ құс фабрикасын, цемент зауытын іске қосу жоспарланған болатын. Бұл - аудан әкімі тиісті облыстық басқармалармен нашар жұмыс жасайды деген сөз. Егер де осы мәселелерді солармен бірге шешкенде бұлай болмас еді. Ауданда ауыл шаруашылығын дамыту үшін жақсы ресурстар бар. Былтырғы нәтижелер бойынша өсім бар, бірақ жердің шұрайлылығын, су ресурстарын есепке алған кезде бұл аздық етеді. Ауданның өзімен қоса Ақтөбені де ауылшаруашылығы өнімдерімен қамту үшін қажетті барлық қор бар»,-деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Есептік кездесу кезінде аудан тұрғындары инженерлік желілердің, ауыл ішіндегі жолдардың  құрылысы мен жөндеу жұмыстары, баспанамен қамтамасыз ету және т.б. секілді өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Бадамша халқы жаңа мектеп салу үшін басқа жерді таңдауды сұрады. Жұмыс жасап тұрған мектептің жағдайы нашар, соған қарамастан 150 оқушыға арналған оқу орнында 336 бала оқиды.

Жуырда жаңа ғимараттың құрылысы басталмақ, алайда ауылдықтар білім ордасының елді мекеннің шетіне салынғанын қаламайды.

«Жаңа мектепті шет жаққа, жол мен өзенге жақын жерге салғылары келеді. Балаларға да мектепке бару қиынға соғады. Біз балаларымыз үшін алаңдаймыз»,-деді ауыл тұрғыны.

Аудан әкімі Рахат Сыдықов мектеп салуға берілген жер телімінің бас жоспарға сай анықталғанын және тұрғындармен келісілгенін жеткізді.

Бұл мәселенің нүктесін өңір басшысы қойды.

«Егер қажет болса, бас жоспарға өзгертулер енгіземіз. Мектепті алдымен балалар үшін саламыз, соларға ыңғайлы болу керек. Арнайы комиссия келіп, аудан орталығындағы жерлерді қарайды. Егер лайықтысын тапса – сол жерге саламыз»,-деді Бердібек Сапарбаев.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі