2018 жылдың басынан Ақтөбе облысының тұрғындары миллионға жуық мемлекеттік қызмет алды

Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстық әкімдікте өткен кеңесте талқыланды.

Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов бүгінгі күні жергілікті билік мемлекеттік қызметтердің 192 түрін ұсынады, деп хабарлады. Тек 2018 жылдың бірінші тоқсанында халыққа 972 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Баяндамашы өткен жылы көрсетілген қызметтердің сапасына ішкі бақылау жүргізу аясында бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Көбінесе жергілікті атқарушы органдардың қызмет көрсету уақытын  бұзған 135 жағдай анықталды.

Сонымен қатар, жиын барысында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің және Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашевтың баяндамалары тыңдалды.  

Кеңесті қорытындылай келе, өңір басшысы одан әрі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың маңыздылығын, халықтың ішінде электрондық форматтағы қызметтерді алуды насихаттауды айтып өтті. Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдеріне бұл мәселені бақылауды күшейту тапсырылды.

Сонымен қатар, ол «бір терезе» принципін қолдануды кеңейту мақсатында «Халықтық кеңсе» мемлекеттік қызмет көрсету орталығы, Халыққа қызмет көрсету орталығы және Ақтөбе қаласы әкімдігінің ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

- Мемлекеттік қызметтер жұртшылық үшін барынша қолжетімді болуы керек. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің стандарттарын  мүлтіксіз орындалуын қатаң қадағалау қажет, сонда оң нәтиже болады, - деп Б. Сапарбаев атап өтті. 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі