2018 жылдың қыркүйек айында Ақтөбеде жаңа балаларды оңалту орталығы алғашқы емделушілерін қабылдайды

Ақтөбе облысында балаларды оңалту орталығының құрылысы мен жарақтандыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Жобаны «Ақтөбе мыс компаниясы» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырып жатыр.

Орталық Батыс-2 шағын ауданында тұрғызылуда. Оның жалпы құны 500 млн теңге. Медициналық мекеме тиімді қызмет ету үшін заманауи материалдық-техникалық базамен жарақтандырылып, сонымен қатар, балаларды әлеуметтік-психологоялық және медициналық оңалту үшін қажет барлық жағдай жасалуда.

Балалар түрлі мамандардың білікті көмегінің кең жиынтығын ала алады. Психологтар олардың ата-аналарымен де жұмыс істейтін болады. Осы жылдың қыркүйек айына ашуды жоспарлаған мамандандырылған медициналық мекемені көптеген ақтөбелік отбасы күтіп жүр. Өңірде мүмкіндігі шектеулі балалар саны шамамен 5 мың, олардың 2 мыңға жуығы – мектепке дейінгі балалар.

Орталық биыл өңірде мүгедектігі бар балаларды «Бақытты бала» жобасы аясында оңалту және әлеуметтендіру үшін жүзеге асырылған бірнеше ірі жобалардың бірі болмақ.

Бұдан бұрын церебралды-сал ауруымен және аутизммен ауыратын балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру, оңалту орталығы, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға түзету балабақшасы мен Қазақстанда тұңғыш жыл бойғы инклюзивті лагерь ашылған болатын.