2019 жылы Ақтөбеде Check-up орталық ашылады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Сеул ұлттық университеті госпиталініңвице-президенті профессор Кванг Вунг Лимен қызмет бабымен кездесті. Кездесу кезінде Ақтөбеде Check-up кешенді диагностикалық орталығын салу жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Орталықты тұрғызу жұмысы ендігі басталып кетті. Құрылыс жұмыстарын 2019 жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарланып отыр. Жоба құны - 5,7 млрд. теңге. Қазақстанда тұңғыш рет халық денсаулығын кешенді бағалау үшін әлемдік стандарттарға жауап беретін заманауи орталық үлгісі ұсынылады.Check-up орталық түрлі ауруларды бірнеше сағат ішінде адам денсаулығына толықтай кешенді диагностика жасау жолымен бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Орталық өзінің жобасы мен ұсынатын медициналық қызметтері жағынан Сеул госпиталінің диагностикалық кешеніне ұқсайды.

- Осы жылы біздің мамандар жоба барысын бақылап, кей жерлерде кеңес беріп көмектесу үшін Ақтөбеге тағыда бірнеше рет келеді. Біз салынып жатқан емхананың біздікіндей болғанын, әсіресе жабдықтармен жарақтандырылуы жағынан ұқсағанын қалаймыз. Қазірдің өзінде жоба бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар табысты жүзеге асырылатынына сенім ұялатады, - деді профессор Кванг Вунг Ли.

Алғашқы бес жылда Check-up орталығының жұмысына Оңтүстік Кореядан келген жоғары білікті мамандар тартылатын болады. Олардың міндетіне сондай-ақ, ақтөбелік әріптестермен тәжірибе алмасу жағы да кіреді.

- Білім трансферті – аталмыш жобаның негізгі қырларының бірі. Біз оңтүстік кореялық мамандарға біздің заңнамаға сай жағдай жасаймыз. Біз дәрігерлеріміздің кәсіби деңгейін көтеруге және Сеул ұлттық госпиталімен бірге аталған, сонымен қатар басқа да сұрақтар бойынша ынтымақтастықты әрі қарай арттыруға аса мүдделіміз, - деді облыс әкімі кездесу кезінде.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі