255 жас хоккейші Ақтөбе облыстық «Жұлдызша» турнирінің марапаты үшін бәсекеге түсті

22 ақпан, өткен сенбі күні Ақтөбе обылысының әкімі Бердібек Сапарбаев жасөспірімдер арасындағы шайбалы хоккейден «Жұлдызша» облыстық турнирінің жеңімпаздарына марапаттарын табыстады.

 Жарысқа үш түрлі жас шамасындағы топтар қатысты. 2017 жылы пайдалануға берілген «Олимп» хоккей модулінің мұзына Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардан келген 17 команданың 255 спортшысы шықты. Мұндай сайыс өңірде жиырма жылдан астам уақыттан бері өткізілмеген.

Негізгі бәсекелестік Ақтөбе мен Хромтаудың жас хоккейшілері арасында өтті. 2008-2009 жылғы балалар арасында ақтөбеліктер, 2006-2007 жылғылар арасында Хромтау қаласының спортшылары жеңімпаз атанды. 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасындағы ақтық ойында Ақтөбе командасы жеңісті атап өтті. Айтпақшы, үш жас санатындағы жеңімпаздар республикалық жарыстарда аймақтың абыройын қорғайтын болады.

Марапаттау рәсімінің алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жас спортшылармен, жаттықтырушылармен, ата-аналармен және турнир ұйымдастырушыларымен амандасып, оларды  жарыстың сәтті өтуімен құттықтады.

Жиналғандарға: «Турнирге облыстың барлық аудандарынан көптеген хоккейшілер қатысқаны қуантады. Мұз сарайын пайдалануға берісімен біздегі спортпен айналысушылар санының көп болатынына сенімдімін. Балаларға денсаулық, оқуларына табыс тілеймін, дене шынықтырумен және спортпен шұғылдансын. Ал біз оларға өз тарапымыздан барлық жағдайды жасайтын боламыз», - деген облыс әкімі турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сыйлықтарын табыс етті.

Өңір басшысы сондай-ақ, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР Хоккей федерациясының президенті Асқар Маминнің ақтөбелік команда үшін беріп жіберген хоккей формасының толық жиынтығын тапсырды.

Айта кетейік, өңірдегі қысқы спорт түрлерін дамыту соңғы жылдары айтарлықтай жандандырылған. Биыл Ақтөбе мен барлық аудандарда 321 мұз алаңы құйылып, түрлі спорт шаралары өткізіліп жатыр. Облыс орталығында хоккеймен 350, мәнерлеп сырғанаумен 320 және шорт-трекпен 180 бала айналасады. Мұз сарайын пайдалануға беру осы және өзге де қысқы спорт түрлерін дамытуға зор серпін берері сөзсіз.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі