285 студент Ақтөбе облысы әкімінің атаулы шәкіртақысына ие болды

Ақтөбе қаласында «Мен Ақтөбені таңдаймын» атты облыстық форум өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған форумға 600-ден астам студенттер, еріктілер және өңірдің барлық аумағынан келген жастар ұйымдарының көшбасшылары мен белсенділері жиналды.

Форумды Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ашты. Ол жастардың азаматтық белсенділігі мен отансүйгіштіктерінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Ақтөбе тұрғындарының 27%, яғни 221 мыңнан астамы 14 жастан 29 жас аралығындағы жастар екенін айтты.

-Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі идеялары, ең алдымен, жастарға арналған. Өйткені, еліміздің болашағы –сіздерсіздер. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпаққа, сіздердің білімдеріңіз мен тәрбиелеріңізге үлкен мән беріп келеді. Бүгінгі күні жастарымыз мемлекеттің ықыласы мен қамқорлығының арқасында еліміздің әлемдік деңгейде танылуына ықпал етіп жүр. Жас қазақстандықтар өздерінің туған жерін мәдениет пен өнер, спорт және білім саласындағы жетістіктерімен дәріптеуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың өзін-өзі танытуына, бастамаларының жүзеге асыруына және дамуына жағдай жасалуда. Біздің облыс мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша барлық іс-шараларға белсене қатысады және мен сіздерге артылған үмітті ақтағандарыңыз үшін алғыс білдіремін, - деді өз сөзінде Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысының сөзінен кейін жоғары және орта арнайы оқу орындарының студенттеріне облыс әкімінің атаулы шәкіртақысын беру салтанатты рәсімі өтті. Жалпы алғанда дарынды және ерекше қабілетті, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 285 студент шәкіртақыға ие болды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарының 220 студенті 140 мың теңге, арнайы орта оқу орнының 65 оқушысы 80 мың теңге көлемінде атаулы шәкіртақы алды.

Сонымен қатар, «Жастар ісі жөніндегі үздік комитет», «Үздік жас көшбасшы», «Өндірістегі үздік жас маман», «Үздік әлеуметтік жоба» және т.б. номинациялар бойынша «Жас Ақтөбе» жастар сыйлықақылары берілді . Жеңімпаздарға 100 мың теңге көлеміндегі сыйлықақылар табыс етілді.

Ақтөбелік алты ЖОО және 44 колледжінің студенттерін барлығы 51,5 мың жастар құрайды. «Қазақстанның КТК Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есен Елеукен Ақтөбе жастары, әсіресе студенттері әрдайым жақсы бастамалардың алдынғы қатарында екендігін және «Туған жерге тағзым» акциясы аясында туып-өскен жеріне өз сыйлығын ұсыну ниетін білдірді.

- Жақында ғана Ақтөбеде «Tуған жер» халықаралық форумы өтті. Бұл шара туған жерім үшін мақтаныш сезімін тудырды. Біз, ақтөбеліктер, осындай іс-шараны бірінші болып өткізіп, басқа қалаларға үлгі болдық. Өкінішке қарай, мен оған қатыса алмадым, алайда осы жерде туып өскен перзент ретінде туған жерге сыйлығым - «Жайдарман» ойындарын халықаралық деңгейде келесі жылы осында өткізбекпін, - деді Е.Елеукен.

- Форум аясында «Жасыл ел» жасақтарының және студенттер құрылыс жасақтарының сарбаздары ерекше аталып өтілді. Атап айтқанда, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының төрағасы Тоқтар Болысов үздіктерге Астана қаласына 25 жолдама ұсынды.

Айта кету керек, Ақтөбе облысының жастары «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» атты жастар республикалық марафонына бастамашылық жасап, «Жасыл Ел» жасақтары және студенттік құрылыс жасақтарының қозғалысын алғашқылардың бірі болып қайта жаңғыртқан болатын.

 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі