80 мың ақтөбелік «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасымен қамтылды

Ақтөбе облысында 2 сәуірден 4 мамырға дейін мемлекет басшысының халықтың өзекті мәселесін шешу және экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет ету жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған  «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қайта жаңғыртылды.

Жүзеге асырудың қорытындысы 14 мамыр, дүйсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында жасалды.

Жоба аясында Мұғалжар, Темір, Алға, Байғанин және Шалқар аудандарында білім беру, медицина саласында, жұмысқа орналастыру мәселесі,  бизнесті дамыту үшін арзандатылған несие, субсидия, жәрдемақы алу, дін және т.б. ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

- Теологтар 31 елді мекеннің 22,5 мыңнан астам тұрғынына діни экстремистердің адамдарды психологиялық және алдап құрыққа түсіру жағдайындағы әдістерін түсіндірді. Дәстүрлі емес дін ағымында жүрген 419 адаммен жекелей кездесу өткізілді. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сонымен қатар, жастарды жалған діни ағымдардан қорғау мақсатында «Қара жол» көркем фильмінің, «Үлкен сұрақ», «Ойраны шыққан отбасы» спектакльдерінің көрсетілімдері ұйымдастырылды,-деп жеткізді облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов.

Қауіп-қатер немесе терроризм актісі жасалған кезде адамдарды өзін өзі ұстауға дайындалуға бағытталған алдын алу шараларымен 30 мыңға жуық азамат қамтылды.

Сарапшылар халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге баса назар аударды. 384 жұмыссыз жұмысқа орналастырылды. Елуден аса адам кәсіпкерлік пен кәсіби даярлық негіздеріне оқыту курстарына жіберілді. 4,8 мың адам өз бизнесін ұйымдастыру және жүргізу, кәсіпкерлікті қолдауға арналған құралдар туралы білді.

5905 адам медициналық тексерумен қамтылып, олардың 197-сі облыстық емханаларға, 882-сі аудандық орталық ауруханаларға толық тексеруден өту үшін жіберілді. Қырық адам хирургиялық, 2,6 мың бала стомотологиялық көмектер алды.

81 отбасыға жалпы сомасы 10,2 млн теңгеге мемлекеттік атаулы жәрдемақы тағайындалды. Мүмкіндігі шектеулі 87 азамат оңалтудың техникалық заттарымен және міндетті гигиеналық заттармен қамтамасыз етілген. Қайырымдылық акциясы кезінде 200-ден аса адам 2,9 млн теңгеге материалдық көмек алды.

Жиынды түйіндеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев топ қатысушыларына жемістің қызметтері үшін алғысын білдіріп, барлық бағыттар бойынша жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.

- Ең бастысы – нәтиже. Барлық қабылданған шаралар өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталуы тиіс.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі