ERG Ақтөбе облысында әлеуметтік жобаларды іске асыруға 2 млрд теңге бөледі

Eurasian Resources Group S.a.r.l.  компаниялар тобы әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде Ақтөбе облысында бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асыруға жалпы көлемі 2 млрд. теңге бөледі.

Атап айтқанда, бөлінген қаражат Хромтау қаласындағы орталық стадионның күрделі жөндеуіне, Ақтөбедегі жеңіл атлетикалық алаңның құрылысына, екі спорттық-сауықтыру кешеніне, әлеуметтік және білім беру мекемелерін қаржыландыруға және инфрақұрылымды және басқа да жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.

Тиісті құжатқа 3 наурыз, сенбі күні Ақтөбе қаласында «Қазхром» ТҰК еңбек ұжымымен өткен кездесу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ERG тобы атқарушы бас директорының бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев тиісті меморандумға қол қойды. Меморандумның жалпы сомасы 6,5 млрд теңгені құрайды.

Отырысты ашқан Бердібек Сапарбаев облыстың 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы қатысушыларға қысқаша баяндап өтті. Аймақ басшысы Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша есепті кезең ішінде экономикалық өсім 5%-ке өскенін атап өтті.

Ол сондай-ақ, Еуразиялық топтың директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичке өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

- «Қазхром» ТҰК» АҚ флагман болып табылады және біздің облыстың экономикасы үшін маңызы зор. Бұл кездесудің мақсаты – компанияның 2017 жылы атқарған қызметінің нәтижесін қарау және биылғы міндеттерді анықтау. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң кен байыту комбинатында 12 мыңға жуық адам еңбек етеді. Барлық ақтөбеліктердің атынан компания басшыларына, құрылтайшыларға көмектері мен қолдаулары үшін алғыс айтамын: өткен жылы жұмысшыларды қысқарту,еңбекақы мен салықтар бойынша қарыздар болған жоқ. Бұдан басқа, компанияның арқасында Шығармашылық академиясы ашылды. Бүгінде 5 мыңға тарта бала түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып жүр,-деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде, Александр Машкевич компанияның әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыс әкімдігімен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру ниетін растады.

- Біз мемлекет басшысының әлеуметтік жауапкершілік туралы тапсырмасын қалай орындағанымызды мақтан тұта аламыз. Меніңше ERGкомпаниясы бұл бағытта тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша да көш басында тұр. Біз Шығармашылық академиясында болып, сонда оқып жатқан балаларды, олардың жанарларын, бал-бұл жанған жүздерін көрдік. Әрине, кейбіреулер үшін бұл ақылға сыймайтын шығар, бірақ демеушілік үлкен қуаныш әкеледі», - деді ол.

Сонымен қатар, А.Машкевич те облыс басшылығына белсенді ұстанымы үшін алғыс айтты.

- Сіз бізді әлемдік деңгейдегі жаңа әлеуметтік жобаларды іске асыруға ынталандырып қана қоймай, сонымен бірге өздеріңіз де қолдан келгеннің барлығын жасап, оларды іске асыруға үлкен үлес қосасыз», - деді ол.

Сондай-ақ, кездесу аясында облыс әкімдігі, «Қазхром» ТҰК» АҚ және кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері арасындағы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжатта өндіріс көлемін арттыру, қосымша қаражат тарту, өндірістік процесстерді жаңғырту және цифрландыру, еңбекақыны уақытында төлеу және жұмысшылар алдындағы өзге де әлеуметтік міндеттерді орындау мәселелері бойынша өзаратүсінісушілік қарастырылған.

Шара соңында Б.Сапарбаев пен А.Машкевич қыз-келіншектерді келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, компанияның нәзік жанды қызметкерлеріне алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі