Қазақстан халқы ассамблеясы

You are here

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУ ТАРИХЫ

Ақтөбе қаласындағы қазіргі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты бұрынғы «Достық үйі» ғимараты. Ғимараттың жалпы көлемі - 4 150 шаршы метр. Ғимаратта: түрлі мәдени шараларға арналған 300 орындық зал, би өнеріне арналған зал, конференц-залы, музей, түрлі шараларға дайындық өткізетін бөлмелер, компьютерлік класстар, этномәдени орталық жетекшілерінің кабинеттері орналасқан.  Ғимараттың төменгі қабатында: 200 орындық асхана, дыбыс жазба студиясы, сырт киім ілетін орындар бар. Қарамағында 19 этномәдени бірлестіктері бар Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының  мекенжайы:  Сәңкібай батыр даңғылы, 20а.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 1992  жылы бүкіл әлемдік рухани келісім конгресінде, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөнінде бастама көтерген болатын. Осыдан кейін Елбасы 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөнінде Жарлыққа қол қойды. Мемлекет жанынан құрылған бұл ұйымның қызметі мемлекет және азаматтық қоғам институттарымен бірлесе отырып, этностардың мүддесін қорғау, Қазақстан халқын ортақ мақсаттарға біріктіру, ұлтаралық қатынастың тиімді жолдарын реттеу және халыққа ортақ саяси, құқықтық мәдени өрісті қалыптастыру болып табылады.

Ассамблея бүгінгі таңда тікелей мемлекет Басшысы басқаратын конституциялық орган ретінде қызмет атқаруда. Бұл ұйымға мемлекет тарапынан жоғары деңгейдегі ерекше мәртебе  берілген. Жыл сайын мемлекет Басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өткізіліп отырады. Сессияда қабылданған шешімдер мемлекеттік органдарға міндеттеледі. Жиырма жылдан астам тарихы бар Қазақстан халқы Ассамблеясының өткізген сессияларында мемлекеттің дамуына қатысты бір қатар өзекті мәселелерді ортаға салып, кеңінен талқылап келеді. Атап айтсақ, олар: Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде даму стратегиясын қалыптастыру, Қазақстанның ұлттық бірегейлігі жөніндегі доктрина.

Құрылған уақыттан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің жанынан бірқатар кеңестер құрды. Кеңестердің құрамында республикалық этномәдени бірлестіктер өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері бар. Өңірлерде Ассамблеяны облыс әкімі басқарады.

Облыстарда облыс әкімшілігінің құрылымындағы Ассамблеяның жұмыс органы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы болып табылады. Ол ұлтаралық қатынас саласында мемлекеттік органдардың жұмысын қамтамасыз етеді.

ҚХА қызметі ҚР Ата заңына, 2008 жылы қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы жөніндегі» заңға негізделген.

Ақтөбе облысы бүгінгі таңда республикамыздың көп этносты аймақтарының бірі. Өңірде 90-ның үстінде этнос өкілдері тұрады. Облыс тұрғындарының ауызбіршілігі жоғары. Ассамблеяның алдына қойған міндеттерін атқаруда, халықтың рухани құндылықтарын насихаттауда этномәдени бірлестіктер өз қызметін жоғары деңгейде атқарып келеді. Әсіресе соңғы жылдары этномәдени бірлестіктер саны 5 этномәдени бірлестіктен 19 этномәдени бірлестікке дейін артты.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында барлық этномәдени бірлестіктердің қызметіне қолайлы жағдай жасалған. Ғимаратта дайындық залы, концерттік зал, конференция залы, жексенбілік мектепке арналған кабинеттер, мемлекеттік тілді үйренуге арналған лингафондық кабинеттер жұмыс жасауда. Түрлі мәдени шараларға, ұлттық дәстүрлерді, тілді, мемлекеттік тілді үйренуге арналған кабинеттер қызмет атқаруда.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында Ассамблеяға қарасты 27 этномәдени бірлестік жұмыс жасауда, оның ішінде 19 этномәдени бірлестік - Ақтөбе қаласында, 8 аудан орталықтарында. Әрбір этнос өкілінің өз ана тілін және мемлекетттік тілді үйренуіне арналған 5 жексенбілік мектеп жұмыс жасауда. Сонымен қатар бұлардың қатарында көптеген көркемөнерпаздар ұжымдары бар, олардың 8-інің "халықтық", 1-інің "үлгілі" атақтары бар. Соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми сараптамалық кеңес, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, қоғамдық келісім кеңестері құрылып, өз жұмысын атқарып келеді.

Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы этномәдени бірлестіктердің қолдауымен Халықтар Достығы фестивалін, түрлі мәдени шараларды, ғылыми конференцияларды, концерттерді өткізуді дәстүрге айналдырған.

2015 жылдың ақпан айының 6 күні Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына бастау беру рәсімі болып өтті. Бұл шара республикамыздың барлық өңірлерінде өткізілді, оның барысында еліміздің бірлігі мен бірегейлігін, азаматтықты негіздейтін түрлі акциялар ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай мемлекет тарапынан жоспарланған түрлі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне, облыстық және аудандық басқарма басшылары, партия жетекшілері, этномәдени бірлестік өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері, ғалымдар, БАҚ өкілдері белсене қатынасты. Жыл бойы өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясы жалауын көтеруге 70588  адам қатынасып,  262 шара өткізілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында әлеуметтік маңызы зор түрлі қайырымдылық шараларын өткізу де жоспарланды. Өткен жылы «20 қайырымды іс эстафетасы» ұйымдастырылды. Облыстың барлық жерлеріндегі мұқтаж жандар, соғыс ардагерлері, балалар үйінде тәрбиеленуші жастар ескерілді.

Ел ордасы Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен республикалық деңгейдегі «Мың бала»  мәдени-ағартушылық жобаны қорытындылау шарасы өткізілді. Бұл жобаға еліміздің барлық өңірінен мемлекеттік тілді жетік меңгерген 20 мыңға жуық түрлі ұлт өкілдері қатысты. Ақтөбе облысы бойынша «Мың бала» жобасы аясында 7  мәдени шара ұйымдастырылды, өткізілген шараларға облыста 601 бала қатынасса, түрлі ұлт өкілдерінің арасында 368 бала қазақ тілін жетік меңгергендігін көрсетті. Сонымен қатар бұдан бөлек облыстық білім беру мекемелерінде, жазғы лагерлерде, тіл үйрету орталықтарында «Мың бала» жобасы бойынша 47 шара өткізілген. Ақтөбе облысы бойынша  Хромтау ауданының №4 орта мектебінің 9 сынып оқушысы  Багач Арина Викторовна,  қазақ-түрік мектеп интернатының 7 сынып оқушысы  Ким Ярослав Дмитриевич, Ақтөбе қаласы №19 мектебінің 11 сынып оқушысы Абилова Гуллара жоба жеңімпаздары болып танылды.

Ақтөбеде жыл сайын дәстүрлі түрде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Достык Аруы» конкурсы өткізіліп тұрады. Этномәдени бірлестіктердің дәстүрлі түрде өткізіп отыратын конкурстарында көптеген номинациялар белгіленген. Бұның мақсаты ұлттардың мәдени байланысын, дәстүріндегі құндылықтарды насихаттау, құрметтеу. Өткізілетін шара барысында берілетін номинациялар: «Таныстыру», «Интеллект викторина», «Таланттылар конкурсы», «Үздік ұлттық костюм», «Үздік кулинар», «Дефиле» және т.б.. Дәстүрлі түрде өткізілетін шараларға демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер: «Шанти Спа Актобе» салонының жетекшісі Т. Христофорова, «Queen of fasion» - салонының директоры   Черепова Наталья және т.б.

Украиндардың «Оксана» этномәдени бірлестігінің бастамасымен және ішкі саясат басқармасының қаржылай көмегімен № 23 мектеп жанынан оқушы жастардан құралған шағын Ассамблея жұмыс жасауда. Жастар қанатынан тұратын облыстағы кіші Ассамблея мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-жылдығында байланысты өңірдегі этностардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге белсене атсалысуда.

2015 жылдың Наурыз айының 28-30 күндері аралығында Ақтөбе облысының «Хромтау», «Кандыағаш» ауданы орталықтарында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным» пойызы келіп тоқтады. «Менің Қазақстаным» пойызы құрамында республиканың мәдениет және спорт қайраткерлері, медицина қызметкерлері, ғалымдар, әлеуметтік сала қызметкерлері болды. Үлкен көлемде өткізілген әлеуметтік акцияның мақсаты мемлекет басшысының халыққа арналған жолдауын түсіндіру, Қазақстанның жалпы ұлттық идеясы - «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттау, түрлі мәдени бағдарламалар ұйымдастыру, халыққа кеңес беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жергілікті жерлердегі шағын кәсіпкерлікті қолдау, дәрігерлік көмек беру және т.б.

Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, «Қоғамдық келісім» КММ  және этномәдени орталықтармен бірлесе отырып «Үміт» балалар үйінде, Тамды балалар үйінде қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады.

ҚР тұңғыш Президенті Н.А. Назарбаев атындағы саябақта ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қазақстан халқының ынтымақтастығы күніне орай  «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» тақырыбында мәдени шара өткізілді. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан 3000 адам қатынасты. Мереке күнінде саябаққа жиналған этнос өкілдері ел бірлігінің қасиетін зерделейтін өнерімен қала тұрғындарының әсеріне бөленді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының -20 қайрымды іс» эстафетасының символы «Тайқазанды» Батыс Қазақстан облысынан Ақтөбе облысы делегациясы қабылдап алып, көршілес Қостанай облысына табыстады. Сонымен бірге өңірде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы аясында қазақтың қаһарман қызы, Кеңес одағының батыры Ә.Молдағұлованың 90 жылдығына орай қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды .

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында ҚР тұңғыш Президенті күніне орай түрлі мекеме өкілдері мен қоғамдық ұйым мүшелерінің бірлесуімен біріші республикалық съезд өткізілді. Ел тарихында бірінші рет ҚР «Қайрымдылық жөніндегі» заң қабылдады. Ақтөбе облысындағы аналар кеңесінің және іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен қаламызда «Қайрымдылық керуені» өткізілді.

Республикалық дейңгейде өткізілген қайырымдылық съездінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпы ұлттық акциясы символының тұсауын кесті. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамсымен өткізіліп отырған «Қайрымдылық керуенінің» жалпы ұлттық символы ретінде қазақ ұлтының дәстүріндегі «Қоржын» таңдалды. Қоржын ұлттың рухани құндылықтарын, мәдени болмысын насихаттайтын дүние.

Ақтөбе өңірінде 2011  жылдан бастап Бірінші Президент күніне орай еліміздің және көршілес елдердің мәдени орталық өкілдерінің шақырылуымен жыл сайын «Мәдениет үндестігі» фистивалі өткізіліп тұрады. Жыл сайын қаламызда өткізілетін фистивал аясы кеңейтілуде. Фестивальге Ресейдің Астрахан, Орынбор, Орскі қалаларының, Башкұртстан республикасының, Уфа қаласының, Армения, Дағыстан, Қырғызстан, Беларуссия елдерінің және өз еліміздің өнер иелері қатысады.

Республикалық «Асар» қайрымдылық акциясы барысында да облыс деңгейінде бір қатар шаралар өткізілді. Шараның өз деңгейінде өткізілуіне этномәдени орталықтардың жастары және «Динар-Электромаш» ЖШС басшысы ҚХА мүшесі Вишняк С.В. қолдау көрсетті.

Осы жылдың басында ел тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай еліміздің барлық облыстарын «Мәңгілік ел» поезі жүріп өтті.  Бұл шараның барысында да облыс тұрғындарына көмек және кеңес беру жұмыстары жоғары деңгейде атқарылды. Жергілікті жерлерде ҚХА өкілдері, дәрігер және заңгер мамандар халықпен кездесу өткізді. Ақтөбе қаласындағы ҚХА ғимаратында «Достық пен келісім» тақырыбында ғалымдардың дәрістері тыңдалды.

Қазақ хандығының 550-жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы дала елі» республикалық экспедициясы Ақтөбе облысының тарихи жерлерін бір аптаға жуық уақытта аралап өтті. Экспедиция жұмысына Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ж.М. Нуршин, ҒСТ мүшелері, ҚХА кафедрасы, өлкетанушы мамандар мен БАҚ өкілдері  қатынасты.

Облыс төңірегінде тарихи жерлерді шолып өткен экспедиция Қобыланды батыр, Абат байтак, Есет батыр кесенесінде, ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейінде, руханият және өнер музейінде, Ә. Молдағұлованың мемориалдық музейінде болды.

Биылғы жылы Наурыз мейрамы ел тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай Қазақстан халқыны ұлттық идеясы «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде кеңінен тойланды. Тұңғыш Президент атындағы саябақта Киіз үй ауылы құрылды. Этномәдени орталықтардың бірігуімен Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы өз алдына Киіз үй тікті. Киіз үйде қазақтың ата дәстүріндегі ұлттық рәсімдер атап өтілді.

 2016 жылы республика көлемінде Қазақстанның «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі аясында қазақстандық ашық диктант өткізу акциясы ұйымдастырылды. Өткізілген шараның мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қоғамдық бірегейлік пен келісімді нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңызын насихаттау. Ашық диктантқа  өзге ұлт өкілдері арасынан 72 адам қатынасты.

1 наурызда ҚХА ғимаратында  алғыс айту күніне орай облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың қатысуымен кең көлемде мәдени шара өткізілді. Шара барысында этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен «Менің Қазақстанға келген жолым» тақырыбында еліміздің бірлік пен достық аясындағы тағылымын насихаттайтын тарихи бейнефильм көрсетілді.

Қосылды: 
04.08.2016 - 16:12
Соңғы өзгерiстер: 
06.09.2016 - 15:12

Жаңалықтар таспасы