Аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуіне облыс әкімі Б.Сапарбаев қатысты

Все рабочие поездки акима
Сейсенбі, 2 Ақпан, 2016

Шалқар ауданында өндіріспен ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру көлемі төмендеп кеткен. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Ербол Данағұловтың есептік кездесуінде айтылды. Жиында тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және қоршаған ортаны жақсарту мәселелері талқыланды. Аудан басшысының есебіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Шалқар Байбеков қатысты.

Шалқар ауданы облыстағы ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамыған өңірлердің бірі. Алайда, өткен жылдың қортындысы бойынша көрсеткіштердің төмен екені байқалды. Өнім өндіру алдынғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда кеміген. Бүгін тұрғындар алдында есеп берген аудан әкімі Ербол Данағұлов бұның себебін түсіндірді. 

Былтыр облыстағы ең үлкен аудан, 9 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімдерін өндірген. Аудан ет-сүтпен тұрғындарын толық қамтып отыр. Албау-бақша және көкөніс түрлерінің басым бөлігі, еліміздің өзге өңірлерінен жеткізілуде. Бұл мәселені аудан әкімі алдағы уақытта суармалы жерлердің көлемін ұлғайту арқылы шешеміз дейді.  Мал шаруашылығын дамытуға арналған «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламалары толық орындалған, қомақты субсидия алып отырған шаруа қожалықтары да бар. Алайда, былтыр 80 тонна етті экспортқа шығару тапсырмасы тек 75 пайызға ғана орындалған.

Ауданда денсаулық сақтау жүйесінде бірқатар кемшіліктер бар. Мәселен, өткен жылы жас нәрестелердің шетінеуі көбейген. Бір сөзбен айтқанда медициналық қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Бұл жөнінде тұрғындар әкімге қойған сұрақтарында нақты айтты. Ал тиісті ұйым қызметкерлері жауап берді. 

Тұрғындар дәрігерлердің адам денсаулығына немқұрайлы қарайтынын айтты. Соның салдарынан өткен жылы бірнеше адам көз жұмған. Бұл мәселе облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Ол сала қызметін тексеру керек деп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына тапсырма беретінін айтты.

Тұрғындар ауданның елді-мекендерінің әлеуетін дамытуға қатысты сұрақтарын қойды.

Жұмыссыздық мәселесі де сөз болды. Алайда, Ербол Данағұлов "тұрғындардың көпшілігі шалғай ауылдарға, өндіріс орындарына барғысы жоқ, қалада мектеп пен балабақшаның айналасында ғана жұмыс істегісі келеді" - деп, оған біршама дәлелдер келтірді. Жиын барысында сөз сөйлеген облыс әкімі де қазір ең маңызды мәселе еңбек ету екенін айтып, қайда жұмыс болса, сонда бару керектігін нақты айтты. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев аудан басшылығы көңіл бөлуі тиіс бірқатар салаларды атап өтті. 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ауданның жан-жақты дамуы үшін барлық мүмкіндіктің барын айтты. Соның ішінде, алыс-жақын шетелдермен байланысып жатқан темір жол желісін де  тиісті деңгейде пайдалану керек. Ал, суармалы жерлерді арттыру әсіресе, Шалқар көлін сақтап, қорғау үшін қазірдің өзінде ел Үкіметімен келіссөздер жүргенін жеткізді. Алдағы уақытта нақты істерге көшеміз деді. Алайда оған дейін шалқарлықтардың өздеріде аңызға айналған көлдің айналасын таза ұстау, экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, өңірде әлеуметтік нысандар салу, жөндеу жұмыстарына сырта жүрген жерлестерді «туған жерге тағзым акциясы» аясында тарту керек деді.